Габон мен Вьетнамға барып келген алматылықтардан безгек ауруы анықталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Өткен аптада Алматыда безгек (малярия) ауруының бірден екі жағдайы тіркелді. 

Лаборатория
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Инфекция Габонға іссапардан және Вьетнамға саяхаттан оралған қала тұрғындарынан анықталды. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, жыл басынан бері мегаполисте осы қауіпті аурудың сырттан келуі төртінші рет тіркеліп отыр.

— Пациенттерден безгектің екі түрлі формасы — тропикалық және үшкүндік түрлері анықталды. Тропикалық безгек ең қауіпті болып саналады: уақытылы емделмесе, ол мидың, бауырдың, бүйректің және тыныс алу жүйесінің зақымдануын қоса алғанда, ауыр асқынуларға, ал кейбір жағдайларда өлімге әкеп соғуы мүмкін, — деп хабарлады орталықтан.

Мамандардың айтуынша, үшкүндік безгек әдетте жеңіл өтеді, бірақ оның өзіндік ерекшелігі бар. Қоздырғыш ағзада ұзақ уақыт бойы сақтала алады, сондықтан ауру жұқтырғаннан кейін бірнеше ай өтсе де қайтадан бас көтеруі мүмкін.

— Жағдайлар зертханалық тұрғыдан расталды, пациенттер стационарда ем қабылдап жатыр. Мамандар қажетті эпидемияға қарсы іс-шаралар кешенін жүргізіп жатыр, — деп нақтылады орталықтан.

Мамандар бұл инфекцияның халық арасында таралу қаупі жоқ екенін мәлімдеді. Өйткені тіркелген жағдайлар сырттан жұғып келген. Безгектің жұғуы үшін инфекцияланған безгек масасының шағуы қажет. Ауру Anopheles тұқымдас масалардың шағуы арқылы беріледі. Сонымен қатар тұрмыстық жағдайда ауру адамнан жұқтыру мүмкін емес: инфекция қол алысу, ыдыс-аяқ, тамақ, су немесе ауа-тамшылары арқылы таралмайды.

Еске салайық, жазда ішек инфекциялары ауруларының жиілеуіне байланысты дәрігер кеңес берді.