Гаитиде тағы да жер сілкінді
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат - Гаитиде тағы да жер сілкінді - бұл жолы жерасты дүмпуінің күші 6,1 балды құрады,
деп хабарлайды РБК агенттігі.
АҚШ геологиялық қызметінің ақпараты бойынша, зілзала кіндігі ел астанасы - Порт-о-Пренс қаласының оңтүстік-батысына қарай 60 шақырым жерде, 10 шақырым тереңдікте болған. Цунами қаупі туралы әзірге хабар түскен жоқ.
Кариб аралдарының жағалауында өткен аптада болған 7 балдық жер сілкінісі Гаити Республикасының елордасы - Порт-о-Пренс қаласын жермен-жексен еткенін ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын.
Гаити премьер-министрі Жан-Макс Бельрив, бүгінгі таңда ел өкіметінің қаңтардың 13-інде болған зілзала кезінде 72 мың адамның қаза болғанын тіркегендігін мәлім еткен еді.
Бұл деректерге үйінділерді аршығаннан кейін де туған-туыстары әлі таба алмай отырғандар, сондай-ақ елдегі БҰҰ миссиясының қызметкерлері кірмеген. Кейбір сарапшылардың пікірінше, зілзала құрбандарының саны 100-150 мың адамға жетуі ықтимал, деп хабарлайды CNN.
Ел орталығы - Порт-о-Пренс қаласы жерасты дүмпулерінің ауыр салдарын бастан кешіруде. Үйлердің көбісі қираған, ауруханаларда жарық жоқ.
Қазіргі уақытта Порт-о-Пренсте жағдай мүшкіл. Полицейлер тәртіпті қамтамасыз ете алмай отыр. Қалада қаптап жүрген мыңдаған тонаушылар қираған үйлер мен дүкендерден қолдарына түскен заттарды алып кетуде.