Гаитиде зілзала кезінде БҰҰ-ның 82 қызметкері қаза тапты
АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат - Гаитиде зілзала кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 82 қызметкері қаза тапты, тағы 53 қызметкер - із-түзсіз жоғалғандар санатында.
Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Мартин Нескирке брифингте мәлім етті. «Жоғалып кеткендерді іздеу жұмыстары жалғасуда», деп хабарлады БҰҰ өкілі.
Гаити үкіметінің мәліметтері бойынша, зілзала салдарынан 112 мыңнан астам адам қаза болып, 194 мыңнан астам адам жараланған. 800 мыңнан астам гаитилік баспанасыз қалған.
БҰҰ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Гаитидегі зілзала салдарынан «3 миллиондай адам зардап шегіп отыр». Ел астанасы -Порт-о Пренс қаласының өзінде ғимараттар мен үйлердің жартысынан астамы жермен-жексен болған.
Гаити үкіметінің есептеулері бойынша, өкімет берген көліктерге мініп, 235 мыңдай адам Порт-о-Пренс қаласын тастап кеткен және көрші қалаларға барып жайғасқан.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, әзірге елде инфекциялық індет ошақтары тіркелмегенін хабарлауда. Халық арасында азық-түлік, ауыз су таратылуда. БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасынан және басқа да ұйымдардан азық-түлік қоржындарын алған адамдардың саны 500 мыңға жетті. Бірақ та, азық-түлікке мұқтаждардың саны 2 миллиондай адам деп бағалануда.