Ғаламдық этникаралық келісім мәселесінде қазақстандық тәжірибеге жүгінуге тура келеді ? Ян Гамачек
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ғаламдық этникаралық келісім мәселесінде қазақстандық тәжірибеге жүгінуге тура келеді.
Бүгін ҚР Парламентінде өткен «Қазіргі Қазақстан және Еуропаға жол» атты халықаралық конференциясы аясында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Чех Республикасы Парламентінің депутаты Ян Гамачек осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі көшбасшылық рөлі жоғары бағаланады. Еуропалық Одақтың қазіргі төрағасы болып табылатын Чехия мемлекеті Қазақстанмен тығыз байланыс орнатуға ниетті. Әрине, елдер арасындағы байланыс тек энергетика саласында ғана емес, толық саяси диалог өрбіту тұрғысынан да маңызды. Сондықтан да, ЕҚЫҰ-ға алдағы уақыттағы Қазақстанның төрағалық етуі бізге осы бағыттағы мүмкіндікті жүзеге асыруға көмектеседі деп ойлаймын», - деді Ян Гамачек.
Сонымен бірге конференция барысында сөз болған дінаралық және конфессияаралық келісім мәселесіне тоқталған мейман, Қазақстанның бұл бағыттағы тәжірибесі ауқымды екендігін атап өтті. «Сондықтан да, этникаралық келісім мәселесін ғаламдық тұрғыда қарастырсақ, бізге Қазақстан секілді мемлекеттің тәжірибесіне жүгінуге тура келеді», - деді ол.