Ғаламшарды қорғау үшін ядролық энергия қажет – «Қосарланған қауіп» кітабының авторы
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Энергетика министрінің бұрынғы орынбасары, Атлантикалық кеңестің Жаһандық энергетикалық орталығының және Скоукрофт атындағы Стратегия және қауіпсіздік орталығының құрметті мүшесі Дэниел Понемен Кazinform агенттігінің меншікті тілшісі Рүстем Қожыбаевқа берген сұхбатында бейбіт атомды пайдалану неліктен белгілі бір қырағылықты, жақсы саясатты және ядролық қаруды таратаудың мықты бағдарламасын талап ететіндігін айтты. Сонымен қатар АҚШ-тың АЭС салудағы тәжірибесін еске түсірді.
Америкалық сарапшының пікірінше, ядролық энергия ықтимал климаттық апаттың алдын алу үшін өте қажет. Әлем елдері температураның 1,5°C дейін көтерілуін шектеу үшін 2015 жылғы Париж климаттық келісімін сақтауға міндеттеме алды.
Қауіпсіздік мәселесіне қатысты Дэниел Понеман ядролық энергетика қазіргі кездегі энергияның ең қауіпсіз түрлерінің бірі екенін атап өтті. Егер бір тераватт-сағаттағы өлім-жітім санын есептейтін болсақ, онда бүкіл әлемде отынның негізгі көзі саналатын көмір бір тераватт-сағатта 25-30 адамды өлтіреді, ал атом энергиясының көрсеткіші 0,1-ден де аз.
Әлемдік баспасөздің назарын аударған апаттардың барлығына назар аударар болсақ, онда «Three Mile Island» атом электр стансасында ешкім қайтыс болған жоқ. «Фукусима-1» атом электр стансасында радиациядан бір адам қайтыс болды. Мыңдаған адамның өмірін қиған жалғыз апат - 1986 жылы сәуірде Украинаның Вышгород ауданындағы Чернобыль атом электр стансасында болды.

Анықтама үшін: «Three Mile Island» АЭС-тегі апат 1979 жылы 28 наурызда Пенсильвания штатының Харрисбург қаласына тақау маңда орын алды. Ол Америка Құрама Штаттарының коммерциялық атом энергетикасы тарихындағы ең ірі апат саналады. Апаттың орны алуына ядролық отынның салқындауын жоғалтуы себеп болды. Соның салдарынан реактордың белсенді аймағының шамамен 50 пайызы еріп кетті. Апатқа Халықаралық ядролық оқиғалар бағанымен (INES) 5-деңгей берілген. Тұрғындар мен қоршаған ортаға радиациялық зардаптар мардымсыз болып шықты.
«Фукусима-1» АЭС-тегі апат 2011 жылы 11 наурызда Фукусима префектурасының Футаба уезінің Окума қаласында күшті жер сілкінісі мен одан кейін туындаған цунами салдарынан орын алды. Радиациялық апатқа INES шкаласы бойынша 7-деңгей берілді. Жобаны General Electric (АҚШ) әзірледі, реакторларды General Electric, Toshiba және Hitachi салды.
«Кез келген жердегі апат – бұл саяси тұрғыда да апат. Және де егер халықтың сенімінен айырылуға байланысты осы стансаларды пайдалануға арналған әлеуметтік лицензиядан қағылсаңыз, онда бұл барлық жерде қиындықтар туғызады. Менің өз елімнің реакторларына қатысты ұлттық артықшылықтардың бола алуы өзге елдердің де қауіпсіз реакторларды сала алмайтынын білдірмейді», - деді Понеман.
Сарапшы «Қосарланған қауіп» кітабының авторы, онда адамзат екі экзистенциалды дағдарыс – климаттың өзгеруі және ядролық жойылумен бетпе-бет келгені баяндалады. Басты сауал: «Атом бомбасын пайдалану үшін емес, климаттық дағдарысты шешу үшін атомның күшін пайдалана аламыз ба?» деген ойға негізделген.
«Менің ойымша, жауап «иә» және де бұл Құрама Шатттар, Қазақстан және бүкіл әлемнің көптеген басқа елдері сияқты қырағылықты, жақсы саясат пен ядролық қаруды таратпауың күшті бағдарламасын қажет етеді», - дейді ол.
АҚШ ядролық инфрақұрылымды дамытуға қатысты бірқатар заң қабылдады. Айталық, 2024 жылдың шілдесінде АҚШ президенті Джо Байден озық ядролық реакторларды енгізуді жеделдетуге және АҚШ-та ядролық энергетиканың дамуын тежейтін лицензиялау процесін жеңілдетуге бағытталған «ADVANCE Act» ретінде белгілі заңға қол қойды. 2023 жылы Ядролық отын қауіпсіздігі туралы заң қабылданды.
«Бұл мәселе Құрама Штаттарда екіпартиялық негізде бірегей қолдауға ие болып отыр. Конгресс пен президент, барлығы ғаламшарды құтқарып қалу үшін, барынша ауқымды көлемде тезірек салу үшін бізге атом энергиясы қажет екендігімен келіседі», - деді Понеман.
Спикер АҚШ Энергетика министрлігінің 2023 жылғы наурыздағы алдыңғы қатарлы ядролық технологияларды коммерциялық енгізу туралы есебін еске салып өтті. Құжатқа сәйкес, АҚШ-тың ішкі ядролық қуатының озық технологиялардың арқасында 2023 жылы шамамен 100 ГВт-тан 2050 жылға қарай 300 ГВт-қа дейін өсу әлеуеті бар. Тұтастай алғанда, шығарындылардың таза нөлдік деңгейіне қол жеткізу үшін АҚШ-қа шамамен 550-770 ГВт қосымша таза және тұрақты қуат қажет болады және де ядролық энергетика жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарын құра отырып, оны үлкен ауқымда қамтамасыз ете алатын санаулы бірнеше дәлелденген нұсқалардың бірі саналады. Дегенмен сарапшы АҚШ екі проблемаға тап болғандығын атап өтеді.

Біріншіден, 1979 жылы Пенсильвания штатындағы «Three Mile Island» атом электр стансасындағы апат қоғамда антиядролық көңіл-күйдің өршуіне себеп болды. 1979 жылдан 2012 жылға дейінгі кезеңде АҚШ-та атом электр стансаларын салуға бірде-бір жаңа лицензия берілген жоқ.
«Біз тап болған қиындықтар негізінен 30 жыл бойы бірдеңе жасауды тоқтатқанымызға байланысты туындаған факті болғаны анық. Орын алып жатқаны – кадрлық резерв сарқылып барады. Өйткені, жұмыс орындары жоқ. Өте мамандандырылған жабдықтар шығаратын қосалқы мердігерлер кетіп жатыр. Америка Құрама Штаттарының тап болған ең үлкен проблема – бұл шын мәнінде жеткізу тізбегін және кадрлық резервті қалпына келтіру», - деді Понеман.
Екіншіден, адамдардың алаңдауы АҚШ-тағы ядролық қалдықтар мәселесімен байланысты болды. Ашығын айтқанда, ядролық қалдықтар техникалық мәселеге қарағанда әлдеқайда үлкен саяси мәселе болып тұр.
«Ядролық қалдықтар салынған бұл контейнерлер жүздеген немесе мыңдаған жылдар бойы сақталуы мүмкін. Ұзақ мерзімді ядролық қалдықтарды геологиялық құрылымдарға көмудің ғылыми тұрғыда тыңғылықты сараланған, өзін өте жақсы қырынан көрсете алған тәсілдері де бар. Ядролық қалдықтар тұзбен немесе басқа да кез келген нәрсемен қаптауға болады және ол мыңдаған жылдар бойы тұрақты болып қалады», - дейді Дэниел Понеман.
Сарапшының пайымынша,, халықпен диалог қажет. Бірақ, егер билік мұны халыққа таңуға тырысса, онда бүкіл әлемде байқалған қарсылық пен тәртіпсіздіктер орын алады. Финляндия жарқы мысал бола алады. Бұл елде үкімет жергілікті халықпен мұның қандай процес екендігі, оның қаншалықты қауіпсіз екендігі жайлы сөйлесе бастады және олар оны қабылдады.
«Менің ойымша, бұл келісімге негізделген дұрыс консультативтік процесті іздеу, жергілікті қауымдастықты тарту, олармен қарым-қатынас жасау, халық осынау «жұмбақ және көрінбейтін» дүние шын мәнінде қауіпті емес екенін түсінуі үшін ғалымдарды тарту сияқты», - деп түйіндеді ойын сарапшы.