Ғаламтор және оқырман: бүгінгі әдебиетке қойылып отырған талаптың өзі уақытпен тығыз байланысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Теледидар бола тұра, адамдар бар керегін кітаптан, газет-журналдардан іздейтін сияқты көрінетін. Оқуға деген құмарлық адамзат атаулының ішкі мәдениетіне, тәлім-тәрбиесіне үлкен әсерін тигізгені де шындық. Күндегіңді күнде сағынасың деген сөздің осындайда жаны бар-ау дейсің...
None
None

Өйткені, өткен өмірдің өзі шын сезіне білген адамға шын аңсаулардын тұратындай. Бүгінгі бізге жағыңқырамай, жаныңды жабырқата беретін кезеңді ертең біз сияқты біреулердің шын аңсап отырмасына кім кепіл. Табиғи өнердің тірі куәсі болған бүгінгі адамдардың арманы жоқ шығар расында да. Соңымызға бұрылып қараған сайын айтып тауыса алмайтын шынайы дүниелер көп екен. Ал әлгі сағынбасына кім кепіл дегендердің қазіргіден де зорғы жасандылыққа куә болып жүргені туралы солардың өз аузынан естісең, қалай әсер етер еді деген ойға қалатының бар. Біз айтсақ, мақтанышпен, «Ол кезде кітапты былай оқитын немесе «оқитынбыз»-дер едік. Ал нағыз оқырмандар туралы әрине, сөз басқа...

Осы тұста кітаптың заманы өтіп бара жатқан жоқ па? деген сауалдың туындайтыны тағы бар. Олай деуімізге электронды кеңістіктің күн сайын дамып, жетіліп бара жатуы қуаныштан бұрын көңілге кірбің ұялатар еді. Иә, біз қазір компьютерсіз, ғаламторсыз әлеуметтік желілерсіз болашағымызды елестете алмаймыз. Оларсыз жазып-сыза да, оқи да алмайтын хәлге жеттік. Қазір кітап дүкендерінен немесе кітапханалардан кітап іздеп әуре-сарсаңға түскен ешкімді көрмейсің. Бірен-саран оқымыстылар ғана болмаса. Адамзат атаулыны компьютерге тәуелді етіп, телміртіп қойған сол уақыттың ығына жығылмасқа тағы лажың жоқ. Бүгінгі тіршілік иелері кездесіп сыр алысқаннан гөрі, заманауи техникалардың көмегімен уақытын үнемдеуге тырысады. Жаңа заманның талабы талғамның төмендеуіне әкеліп соғып жатқаны да шындық. Расында, талғамсыздыққа ұшырадық. Іздегеніңді дер кезінде тауып беріп отыратын ғаламтор кітапты қолыңа ұстап, сезіп, сезініп оқуды алмастыра алмайтыны анық. Алайда, заман ағымы өзіне бағындыра алатынын күн сайын дәлелдеп отыр. Жалпы, бүгінгі әдебиетке қойылып отырған талаптардың өзі уақытпен тығыз байланысты сияқты әсерге қалдырады. Бүгінгі қаламгер өмірден жырақ дүниелерді туғыза алмайтыны белгілі. Ол енді қазіргі болашақ жазушылардың еншісіне бұйырған десек қателеспейміз. Жалпы айтар ойды созбалақтамай қысқаша жеткізу, ықшамды, анық бере білу еуропалық жазушыларға тән әдіс. Ой таразысына салып қарасақ, бізден көш ілгері дамып кеткен Батыс елдерінің жаңа заманның амал-тәсілдерін жедел меңгеріп, озық үлгілерді пайдалануға үлкен мүмкіншілігі болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Олардың сол мүмкіншіліктерді барынша пайдалана алуы әлем әдебиетінің үлкен кеңістікке шығуына өз ықпалын тигізгені де анық. Бүгінгі үнемшіл оқырманның талап-тілегіне сай келетін дүниелер ертең назардан тыс қала ма, тыс қалмай ма, оны да уақыттың өзі саралайды. Дегенмен жаңа заманның нақтылыққа қарай бағыт алып бара жатқаны ақиқат. Әлемді ғаламтор өз құрсауына алса да, кітап шығару ісі тоқтаған жоқ. Тіпті, кітап шығару сәнге айналып бара жатқандай әсерге қалдырады және мәдениеті қалыптасқан сол өркениетті елдердегі сияқты біздің елімізде де оқырмандар шығатынына сенгің келеді. Айналаңа зер салып қарап отырсаң, қоғамдық көліктерде, үйде, тіпті көшеде кетіп бара жатқан жастардың ұялы телефонға шұқшиып бара жатқанын көресің. Құлағына наушнигін тығып алған оларды телефоннан өзге ештеңе қызықтырмайтындай. Көп жерде байқайтынымыз, қазір жастардан «мына жаққа қалай баруға болады айтып жіберші» десең, бас бармағымен нұсқап көрсетеді. Қызық. Тіпті таңқаласың. Ес білгелі «Ана жақта, мына жақта» деп сұқ саусақпен жұмыс істеп келген едік қой, сонда бұл қалай болғаны деген сауалымызға жауап өзінен өзі келген. Оның себебі - жастар ұялы телефонды сұқ саусақпен емес, бас бармақпен жылдам игереді екен. Мұнымен айтпағымыз, телефон - тек сөйлесу үшін қызмет етпейді, ол қалтаңдағы шап-шағын компьютер. Іздегеніңнің бәрі соның ішінде, тек қолдана алсаң болғаны. Кеңес үкіметі кезінде сұқ саусағы жұмыс істемейтін баланы әскер қатарына алмаған деседі. Яғни адам үшін саусақ екеш саусақтың да атқарар ролі, маңызы бар екеніне көз жеткізесің. Ал бұл электронды уақыт тек саусақпен ғана шектелсе жақсы ғой, оның адамзат санасына да барынша кері әсері тиіп жатқаны да дәлелденіп отырған жоқ па?! Қай тілдегі болсын, әдеби туындыларды оқығысы келген адам ғаламтордан-ақ мейлі оқып ала қойсын. Бірақ ол дәл кітап оқығандағыдай әсерге бөлей ала ма? тіпті есіңде сақталар, сақталмасы да күмәнді. Алайда, оның өзі көңілге медеу. Мүлдем оқымағаннан гөрі, әйтеуір оқыған аты бар ғой. «Өркениет - мәдениет ұғымымен тығыз байланысты» немесе «Өркениет қоғамның материалдық және рухани жетістіктерінің жиынтығы» - деген сөзге зер салып қарап отырсақ, астарынан көп дүниелер қылаң береді. Мәселен, өркениетті елу елдің қатарына кіру мақсатының өзі мемлекетіміздің экономикалық әлеуметтік жағдайының сол елдермен терезе теңестіре алатынын аңғартар еді... Әлбетте, мәдениет бар болған жерде әдебиет бар. Және әдебиеті, тарихы тереңде жатқан елді талғамсыздыққа ұшырап жатыр деп айтуға неге екенін, аузың бармайды, бірақ өкінішке орай бұл шындық. Тек ұялы телефонынан ғана жақсы хабар күте алатын қарапайым халықтың рухани дүниелермен сусындауы былай тұрсын, өзінің бас қайғысы жетіп артылып жатқандығы рас. Қазір бұрынғы кездердегідей ешкімнің қолынан кітап атауылыны кездестірмейсің. Біз жата-жастана оқитын кітаптар архивтерде, кітапханаларда шаң басып тұр. Ұлтымыздың бойындағы жақсылыққа қарай ұмтылатын, эллюзияға сенетін дарақы мінезін - бетіңе қарап жалған сөйлейтіндер құптары анық. Бірақ оның екіжақты пікір қалыптастыратынын түсіну үшін де рухани бай болу керек екендігі көбіне ұмыт қалып жатқан сынды. Жалпы рухани дүниелерге жақындай түсу үшін де халықтың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі жақсы болуы керек шығар деген ойға келесің. Қым-қуыт өмір көшіне ілесе алмау кімге болсын үрей туғызады. Өйткені уақыттың талабы солай. Ал жарық таңның көз алдыңда атып тұрғанын көрудің өзі бақыт екенін біреу түсінер, біреу түсінбес. Бүтін бір ұлттық болашағын аманаттап жүрген жас ұрпақтың күн санап өзгеріске ұшырап жатқан уақыттан бойын аулақ сала алмасы бесенеден белгілі. Ал ішкі жан-сарайды өмірдің өзіндей шынайы дүниелермен толтыра алу, яғни, кітап оқуға құмарту, жақсы әуен тыңдауды қалаудың өзі қоғамдағы келеңсіздіктерді жоюмен тең сияқты. Кім біледі, мүмкін сол армандардың бәрі бір кездері орындалатын да шығар... Роза Сейілхан

Соңғы жаңалықтар