Ғаламторда танысқан қызбен телефон арқылы сөйлескен қарағандылық 800 мың теңгеге қарызға батқан
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласының 10 тұрғыны телефон алаяқтарының алдауына түсіп қалды, деп жазады nur.kz.
Ғаламтор арқылы танысқан қызды ұнатқан олар ғашығымен телефонмен тілдесіпті. Біраз уақыт сырласқаннан кейін жігіттерді тәнті қылған сылқым ұшты-күйлі жоғалады. Сезімдері сергелдеңге түскен серілер артынша «Қазақтелекомға» қарыз екендерін естіп жағасын ұстаған.
Салы суға кеткен жігіттер бұл телефон қоңырауының ақылы екендігін ешкім ескертпегендігін айтып ақталуда. Бірақ, мұны дәлелдеу мүмкін болмай отыр.
Әлеуметтік желілер арқылы танысқан Юлия есімді бейтаныс бойжеткен, жігіттерді сыңғырлаған даусымен баурап алыпты. Серілердің барлығы да Юлияның қиылған өтінішінен кейін, бірден телефон тұтқасына жармасқанын айтып ақталуда.
«Мен танысқан Юлия Градованың телефон нөмірі 8809 0805055. Коммутатор телефонның ақылы екендігін, бірақ Қазақстан бойынша тегін екендігін ескертті. Осыдан кейін біз армансыз сырластық. Осылайша, 800 мың теңге берешек болып шыға келдім»,- дейді жәбірленуіші Дмитрий Белугин.
Кейін осындай телефон қоңырауының бір минуты 1 мың 120 теңге екені мәлім болған. Енді «Қазақтелеком» қарызын қайтаруды талап етуде. Бейтаныс бикеш бір емес, бірнеше жігітті алдап соққан.
Шағымданушылардың барлығы да бойжеткенмен өмір, адамгершілік туралы сырласқанын, басқа ешқандай қызметті пайдаланбағанын айтады. Кейін тексере келе даулы нөмірдің жеке мекемеге тиесілі екендігі анықталыпты.
Жәбірленуші Виталий Обухов: «Қазақтелеком»-дағылар менің «Сұлулық» жеке кәсіпкерлігіне хабарласқанымды айтты. Олармен қызмет көрсету туралы келісім жасалған, бірақ, нендей келісім екендігі белгісіз. Мен оларға көк тиын да төлемеймін. Өйткені, сөйлесу тегін екендігін өздері әу баста айтқан»,- дейді.
Жәбірленушілер жан-жаққа шағымданғалы бері үш ай өткеннен кейін облыстық ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғады. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, мұндай тұзаққа 160-тан астам адам алданып қалған.
Қыздардың аңғалдығын пайдаланған жігіттер оларды да тақырға отырғызыпты. Ал қазір дауға айналған телефон нөмірі өшірулі.