Ғалымдар Аралға сексеуіл отырғызу жұмысына жоғары баға берді — министр
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Арал түбіне КАТКО компаниясының қаражатына 120 мың гектар жерге сексеуіл тұқымы және 12 мың гектарға сексеуіл көшеті отырғызылды.

Аралды құтқару жұмысы туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтып берді.
— 2024 жылдан бастап Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл егу бюджеттен тыс, ірі компаниялардың қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» компаниясының қаражаты есебінен өткен жылдың көктемінде 15 мың гектар жерге 4,4 миллион сексеуіл көшеті отырғызылды. Биыл КАТКО компаниясы 2,2 миллиард теңге бөліп, 120 мың гектар жерге сексеуіл тұқымы егілді және 12 мың гектарға сексеуіл көшеті отырғызылды. Орман мелиорациялық жұмысын сапалы көшеттермен қамтамасыз ету мақсатында жерсінуі мен өміршеңдігі жоғары тұқымдарды өсіретін орман питомниктері құрылып жатыр, — деді Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында.
Сондай-ақ Арал қасындағы Қазалы қаласында өткен жылы 33 гектар жерге, қуаты жылына 3 млн көшет орман питомнигі салынып, агротехникалық талаптарға сәйкес 10 гектарына сексеуіл тұқымы егілді.
— Биыл Аралдың құрғаған түбіне 15 гектар жерде питомникті жобалау және ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы питомникте Аралдың құрғаған түбінің аридтік жағдайда бейімделген көшеттер отырғызылады. Бұл бағыттағы жұмысты Қызылорда облысында құрылған Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты филиалының тұрақты ғылыми сүйемелдеуімен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде сала сарапшылары мен ғалымдар сексеуілді отырғызу жұмыстарының нәтижелеріне жоғары баға берді, — дейді ведомство басшысы.
Кеше ғана Аралға жойылуға шақ қалған қаяз бен пілмай балығының қайта оралғаны туралы жазған едік.
Сондай-ақ Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Арал теңізінің орнында бір кездері гүлденген қалалар мен сәулет ескерткіштері болғаны туралы жазды. Археологтер сол тізімдегі Арал асар және Кердері кесенелерін бірегей жәдігер санайды.