Ғалымдар депрессия мен диабеттің байланысын анықтады: қазақстандықтарға қандай кеңес берілді

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропаның 18 елінде 50 жастан асқан адамдар арасында жүргізілген ауқымды зерттеу нәтижелері диабет пен депрессия бір-бірімен тығыз байланысты екенін көрсетті. Диабеті бар адамдарда ауыр депрессия белгілерінің даму қаупі жоғары, ал депрессиясы бар адамдарда диабет қаупі айтарлықтай артады.

депрессия
Фото: freepik

Бұл туралы зерттеу нәтижелері Венада өткен Еуропалық диабетті зерттеу қауымдастығының (EASD) жыл сайынғы жиынында ұсынылды.

Зерттеуге 45 мыңнан астам орта жастағы адам қатысқан (57%-ы әйелдер). Байқау кезеңі 11 жылға дейін созылған. Қатысушыларда 1 немесе 2 типті диабеттің болуы және депрессия белгілерінің деңгейі бағаланған.

Ғалымдардың мәліметінше:

– ауыр депрессиясы бар адамдарда диабет даму қаупі 15% жоғары;
– диабеті бар адамдарда депрессия қаупі 48% жоғары, диабеті жоқ адамдармен салыстырғанда.

Бұл байланыстар медициналық көмектің сапасы, емге жұмсалатын шығын, әлеуметтік теңсіздік немесе елдің экономикалық деңгейі сияқты факторларға тәуелді болмаған.

Еуропа елдерінің арасында да айырмашылық бар:

– Нидерландыда диабет қаупі Австриямен салыстырғанда 65% төмен;
– Португалияда керісінше 90% жоғары;
– ауыр депрессия белгілері ең жиі тіркелген ел – Италия (Австриядан 150% жоғары);
– ең төмен көрсеткіш – Данияда (20% төмен).

Байланысты күшейтетін жалғыз фактор – дене салмағының индексі (ДСИ).

Диабеті бар адамдарда ДСИ бір бірлікке артқанда ауыр депрессия белгілері 2,1%, ал диабеті жоқ адамдарда 1,3% өседі.

Еуропалық зерттеуге Қазақстан кірмегенімен, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры, нарколог-дәрігер Сағат Алтынбеков бұл ғылыми деректерді Қазақстан жағдайында да қолдануға болатынын айтады.

«Зерттеу физикалық және психикалық денсаулықтың өзара байланысын анық көрсетеді. Диабет пен депрессия бір-бірін күшейтеді. Егер адамда диабет болса, оның психоэмоционалдық жағдайын міндетті түрде бақылау қажет. Ал депрессия кезінде метаболикалық көрсеткіштерді тексерген жөн. Осындай кешенді тәсіл екі аурудың да алдын алуға және емді тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Бұған қоса профилактика маңызды, тұрақты тексерулер, дұрыс тамақтану, белсенді өмір салты және өз денсаулығына мұқият қарау екі аурудың да қаупін төмендетеді», – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін ДСМ депрессияны емдемесе, шизофренияға ұласуы мүмкін екенін хабарлаған.

Соңғы жаңалықтар