Ғалымдар Күн бетінің тарихтағы ең анық суреттерін жариялады
АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық зерттеушілер тобы Күн бетінің бұрын-соңды болмаған айқындықтағы фотоларына қол жеткізді. Жаңа кескіндер ғалымдарға осы уақытқа дейін ең қуатты күн телескоптарының өзіне байқалмаған қызған плазмадағы ерекше құрылымдарды зерттеуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды AP агенттігі.
Фото суреттер АҚШ Ұлттық ғылыми қорының Гавай аралындағы Мауиде орналасқан Дэниел К.Иноуэ атындағы күн телескопының көмегімен түсірілген. Мамандар Күнді арнайы қорғаныс құралдарынсыз бақылау қауіпті екенін, сондықтан зерттеу кәсіби ғылыми жабдық арқылы жүргізілгенін атап өтті.
Бастапқыда түсірілім телескоптың мүмкіндіктерін сынау және жабдықтарын баптау мақсатында жүргізілген. Алайда деректерді талдау барысында ғалымдар Күннің сыртқы жарқын қабығының тарихтағы ең жоғары ажыратымдылықтағы суреттерін алғанын анықтады.
Жаңа суреттерден зерттеушілер жұлдыз бетімен таралатын қауырсын тәрізді ерекше құрылымдарды байқаған. Стэнфорд университетінің Күн физигі Жуйчжу Чэньнің айтуынша, бұл өрнектер Винсент Ван Гогтың «Жұлдызды түн» картинасындағы ирек аспанды еске салады.
Талдау нәтижесінде әртүрлі жылдамдықпен қозғалатын магниттелген плазма ағындарының әсерінен пайда болатын толқын тәрізді құбылыс анықталды. Ғалымдардың айтуынша, бұл желдің әсерінен су бетінде түзілетін толқындарға ұқсайды.
Мұндай құбылыстар бұған дейін Жерде, сондай-ақ Юпитер мен Сатурн атмосферасында байқалғанымен, Күнде алғаш рет осындай жоғары дәлдікпен тіркеліп отыр.
Зерттеу нәтижелері Nature ғылыми журналында жарияланды.
Мамандардың айтуынша, Күн бетін егжей-тегжейлі зерттеу тәждік масса лақтырыстарының қалай пайда болатынын жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді. Мұндай плазма ағындары Жерге жеткен жағдайда геомагниттік дауыл туғызып, GPS пен спутниктік байланыс жүйелерінің жұмысына әсер етуі және полярлық шұғылалардың пайда болуына себеп болуы мүмкін.
Еске сала кетсек, бұған дейін Күнде 3 шілдеде екі қуатты жарқыл тіркелді.
Сондай-ақ Күннен шыққан қуатты жарқылдар алдағы уақытта Жерге әсер етуі мүмкін екенін жаздық.