Ғалымдар жүрек қатерлі ісігінің неге сирек кездесетінін анықтады

АСТАНА. KAZINFORM – Ғалымдар жүректің қатерлі ісікке сирек шалдығуының себебін оның үздіксіз жиырылуымен байланыстырады, деп жазды DW.

жүрек, денсаулық, ота
Коллаж: Kazinform

Италияның Триест қаласындағы Халықаралық гендік инженерия орталығының (ICGEB) зерттеушісі Серена Заккинья бастаған топ жүректің тұрақты қозғалысы ісік жасушаларының дамуына кедергі келтіреді деген болжам ұсынды.

Зерттеу барысында ғалымдар бірнеше тышқанға екінші жүрек трансплантациялаған. Бұл жүрек қанмен қамтамасыз етілгенімен, толыққанды соқпай, насос қызметін атқармаған. Кейін жануарлардың ағзасына ісік жасушалары енгізілген.

Нәтижесінде соқпай тұрған жүрек толықтай ісік жасушаларына зақымданған, ал қалыпты жұмыс істеп тұрған жүректе қатерлі ісік дамымаған.

Ғалымдар әрі қарай зерттеу жүргізіп, ісік жасушаларына ең көп әсер ететін факторды анықтаған. Олар жүрек тінін өсіріп, жасушалардың қысым мен созылуға реакциясын бақылаған. Белгілі болғандай, ісіктің дамуына кедергі келтіретін негізгі фактор – қысым.

Мамандардың айтуынша, бұл жаңалық болашақта қатерлі ісікті емдеудің жаңа тәсілдерін әзірлеуге жол ашуы мүмкін. Дегенмен әзірге бұл нәтижелерді тәжірибеде қолдану мүмкіндігі толық анықталған жоқ.

Айта кетейік, вакцинадан бас тартудың басым бөлігі 2 жасқа дейінгі балаларға қатысты.