Ғалия Бөкейқызы: Кітапхана - руханият қағбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі - білім қазынасы. Ал білім сипаты сан-алуан. Ол ұрпақтан - ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз - алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» - деген еді Ғабит Мүсірепов.

Ғалия Бөкейқызы: Кітапхана - руханият қағбасы

Өкінішке қарай бүгінгі жастар осы білімнің бастауы саналатын кітап әлеміне деген қызығушылығы төмендеп бара жатқандай. Осыған орай оқырмандарымызды кітапхананың тыныс-тіршілігімен таныстыру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы бас директорының бірінші орынбасары, әйгілі жазушы Оралхан Бөкейдің туған қарындасы Ғалия Бөкейқызы Исақановамен сұхбаттасқан едік. Қазіргі кітапхананың рөлі, кітап қоры, оқу және оқырман мәселесі жайында өзекті ойларымен еркін бөлісті.

- Ұлттық академиялық кітапхананың құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр. Осы аралықта кітапхана оқырмандарына қаншалықты рухани азық сыйлай алды?

- Он жылды мұрағат қойнауына мәңгілікке қалдырған кітапханамыздың қазіргі қазақ мәдениетіндегі орнын, теңдессіз жобаларының нәтижесін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты Бағдарламалық материалындағы мынадай тіркестерден-ақ түсінуге болады: «Интеллектуалдық ақпаратқа қолжетімділіктің инновациялық түрлерін дамыту қажет, Қазақ ұлттық электронды кітапханасының қорын түбегейлі ұлғайту керек. Іс жүзінде ол - ұлттың электронды миы...». Негізінде, ұлттық ғылыми-мәдени мұраларды сақтап, сол мұраларға келешек ұрпақтың, сондай-ақ алыс-жақын шетелдердегі қауымдастықтардың да қол жеткізуімен қамтуды мақсат еткен Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана (ҚазҰЭК) порталы - Ұлттық академиялық кітапхананың бүгінгі бірден-бір басты жобасы. Бүгінде Ұлттық академиялық кітапхананың қорларына тұрғылықты жеріне қарамастан кез келген оқырман қолжеткізе алады. Біздегі бұл жүйеге жақында ғана АҚШ-тан оралған бір оқырманымыз ризашылығын білдіріп, қазақстандық оқырмандарға жайлы жағдай жасалып жатқанына таңданғанын жасырмады. Сонымен, қысқа ғана тарихымызға қарамастан, ұлттық мұраларымызды, ділімізді, тілімізді насихаттап, сол арқылы оқырман қауымның төл туындыларымызға, жыр-жауһарларымызға деген сүйіспеншілік сезімін ояттық деген ойдамын.

- Қазір кітапханада қанша кітап қоры бар?

- Кітапханамыздағы кітап қоры 900 мыңға жуықтайды. Соның ішінде 200 мыңдай кітапты сый ретінде қабыл алып отырмыз. Кең көлемді ғылыми бағыттағы мерзімді басылымдар да кітапхана иелігінде.

- Кітапханадағы қор қай жылдардан бергі кітаптарды қамтиды?

- Кітап қоймасынан ХVІІІ ғасырдың аяғында жарық көрген бірлі-жарым туындылардан бастап биылғы баспа бетін көрген кітаптарды кездестіре аласыз. Айталық, жазушы С. Кенжеахметұлының жеке қорынан алынған кітаптар (Құран, 1903 ж., Тұтас Құран, 1850 ж., Хмлие. Шағатай тілінде, 1840 ж., Парыз шархы анықтама. Парсы-шағатай тілі. Петербургъ, 1904 ж., «Хидая» әйгілі кітап. Унверсал оқулық. Қазан, 1898 ж.); қоғам қайраткері Х. Оралтайдың жеке мұрағаты; фулбрайт профессор Н. Шаханованың жеке кітапханасынан сыйға тартылған «Г. Кунов, А. Левин Дорштың «Очерки по истории первобытной культуры» кітабы, 1923 ж.; «Общественный строй монголов, 1934 ж.», Т. Ахелистің «Современное народоведение» кітабы, 1900 ж.; «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Д. Қалетаев сыйға тартқан 487 кітаптан құралған бай кітапхана. Бюджет қаражаты есебінен сатып алынған басылымдар: 1768 жылы мысқа жасалған өрнек түрінде акварельмен баяу орындалған «Карта Иртыша - 100 верст в дюйме» (автор И. И. Исленьев); сирек басылымдар (Большая иллюстрированная энциклопедия, 64 том.); В. В. Бартольдтың «Киргизские очерки» кітабы; С. М. Фоменконың «Спутник по Дальнему Востоку», «Восточно-Азиатским владениям России, Монголии, Манчжурии, Китаю, Корее и Японии, со включением Великого Сибирского пути» кітабы, т.б. Алайда, сирек қорлар көлемі аса көп емес.

- Кітапханаларыңыздан баспа бетіне түспеген, алайда, қолжазба түрінде сақталған құнды шығармаларды кезіктіруге бола ма?

- Алғаш іргесі қаланған кезеңде қазақстандық делегация Германияға арнайы барып, тарихшы, публицист Хасен Оралтайдың қолжазбаларын және басқа да құнды деректер жинағын жеткізген. Ол туралы зиялы қауым өкілдері жақсы біледі. Алайда, акция жалғасын таппай тоқтап қалғаны жасырын емес. Салдарынан күні бүгінге дейін қолжазба құжаттарды жеткізуге мүмкіндік болмады. Объективті және субъективті себептерге байланысты болған бұл мәселе бізді де ойландырып отыр. Осы ретте «Кітап мұражайын» құру жұмыстарын жоспарға енгіздік. Егер ойға алған бастамамыз оң шешімін тауып жатса, EXPO-2017 көрмесінің мәртебелі меймандары Қазақстанның кітап және жазба тарихы туралы терең танысуға мүмкіндік алар еді. Сондықтан сіз сұрау салған тамаша идеяларды алдағы күннің еншісіне қалдыруға тура келеді.

- Бүгінде кітапханаларыңызда қанша оқырман бар?

- 2013 жылғы және 2014 жылғы жаз (маусым, шілде, тамыз) мезгілдеріндегі көрсеткіштерді салыстырып көріп едім. Статистикалық көрсеткішке сүйенсек, өткен жылғы жаз мезгілімен салыстырғанда биылғы жаздағы қатысушыларымыздың қатары 2 есеге (шілде айында 3 есеге) өскені байқалады. Айталық, 2013 жылғы жаз айларындағы оқырмандардың жалпы саны 4270-ті құраса, биыл бұл көрсеткіш 9249-ға жеткен. Ескеретін жайт, жаз айлары - кітапхана үшін біршама тыныштық орнайтын мезгіл. Сондықтан күз, қыс мезгілдерінде пайдаланушылар қатары өспесе, кемімейді.

- Оқырмандардың басым бөлігі қай саладан келеді?

- Негізінен, оқырмандарымыздың басым бөлігі - ғылыми қызметкерлер, аспиранттар, заңгерлер, экономистер, студент жастар және жұмыссыздар мен зейнеткерлер. Қыркүйек айынан бастап жас балалар да оқырмандар қатарына қосылды.

- Кітапхана миссиясы күнделікті оқырмандардан тыс, тағы қандай бағыттарда жұмыс жасайды?

- Кітапхана - көпфункционалды сала. Ең алдымен, кітапханалар еліміздің мәдени-ақпараттық әлеуетін жандандыруда ерекше рольге ие. Себеп, кітапхана - ақысыз ақпаратқа тұрғындар қолын жеткізетін бірден-бір орын. Еліміздің өркениетін көтеру экономикалық, саяси тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік мәселелерді шешумен, яғни халықтың рухани талап-тілегін қанағаттандырумен де байланысты. Екіншіден, бүгінде ақпараттар өте көп, сол шексіз ақпараттарды білімге айналдыру - кітапханашының міндеті. Мәселен, қазақтың бір батыры туралы мәліметті бір ортаға жинау. Сонда ғана кітапхана қызметкері пайдаланушының талап-тілегін толық орындап, оларға дұрыс бағыт-бағдар бере алады. Үшіншіден, қазіргі қалыптасқан Қазақстан өз орнын жаңа әлемде айқындаған шақта, осы замандық кітапхана өзінің ақпараттық технологиялары, жинақтау және каталогтеу методологиясы, сақтау, қайта қалпына келтіру, тиімді қызмет көрсетуді қабылдау секілді күрделі жүйе болып табылады.

Кітапханамызда оқырманмен тікелей жұмыс істейтін орталықтардан тыс, басқа да бөлімдер бар. Мәселен, Қорлар құру бөлімі кітаптарды іздестіріп, жинақтаумен айланысса, сол жеткізілген баспа өнімдерін компьютерлік ҚазҰЭК порталындағы бағдарламаға сипаттама түрінде енгізетін бірегей бөлім - Құжаттарды өңдеу бөлімі. Бұдан кейін кітаптар сақтау қоймасына жіберіледі. Кітапханаға келген пайдаланушы электронды каталог залына барып, ҚазҰЭК порталы арқылы кітап сақтау бөліміне тікелей тапсырыс береді. Бұл тапсырыс бойынша басылым оқу залдарына жіберіліп жатады. Мінеки, оқырман көзіне көрінбейтін, бірақ қызметтік процессті пайдаланушы игілігіне жаратып жүрген жандар аз емес екен. Сонымен қатар, кейде техникалық кідірістер орын алған жағдайда IT-мамандарымыз көмекке келеді.

Кітапханамыздағы PR қызметтер де оқырман тартуға бағытталған. Сәйкесінше, жеке сайттары үш тілде тұрақты түрде жаңартылып тұрады. Ғылыми-танымдық, әдістемелік бағыттағы «Кітап патшалығы» журналының жарық көре бастағанына биыл - 5 жыл! Ескерте кетейін, бұл журнал - еліміздегі кітапхана саласына арналған жалғыз басылым болып тұр.

Сонымен қатар, жас ақын, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, «Шабыт» шығармашыл жастар байқауының гран-при иегері Ерлан Жүніс «ТӘЖ» жас ақын-жазушылар клубын құрып, жұмысын жүргізе бастады. Жуықта ғана екі рет отырысы өтті. Қазір клубқа 80 астаналық ақын мүше болып қабылданды. Осылай, кітапханамыз астаналық зиялы қауым өкілдерінің ашық пікір алмасатын алаңына айналды.

Руханият қағбасы - кітапхана болғандықтан, бас қаладағы біздің кітапхананы Астананың бірден-бір интеллектуалдық әлеуеті деуге әбден болады.

- Бүгінде қоғам дамыды. Адамдар барынша ыңғайлы, тиімді жолдарды пайдалануға көшті. Бұрындары бір кітапты тауып оқу үшін бүкіл кітапханаларды аралап іздейтін. Ал қазір электронды кітапхана деген пайда болды. Іздеген кітабыңыздың электронды нұсқасын үйіңізде отырып, интернеттен көре саласыз. Бұл кітапханалардың күнделікті келетін оқырмандарының санын азайтып жіберген жоқ па?

- Расында, интернеттен электронды нұсқадағы кітаптарды көптеп табасыз. Бірақ бір кітаптың нұсқасын бірнеше рет өзгертіп, кейбір мәтіндерін түпнұсқалық негізден алшақтатып ұсыну фактілерін жоққа шығара алмаймыз. Осы ретте авторлық құқықтың аяққа тапталуына жол бермеу үшін кітапханамызда ҚазҰЭК ( www.kazneb.kz ) порталы құрылған. Мұндағы кітаптар түпнұсқадан тікелей цифрланып ұсынылады. Әрбір автормен келісімшарт жасалып, автор немесе автор құқығын иеленуші тұлға рұқсат берген жағдайда ғана жарияланады. Сондықтан пайдаланушы басылымның бастапқы 24 бетін кідіріссіз көшіреді, егер қажет болса, кітапханашыға қашықтан отырып тапсырыс жасайды. Тапсырыс арқылы толық нұсқасына қол жеткізе алады. Дегенмен, электронды кітапханалар біздің оқырманымыздың қатарын азайтады деп жору - жаңсақтық. Керісінше, ҚазҰЭК сайтына еніп, тапсырыс берушілер қатары күн сайын көбейіп келеді. Айталық, жыл сайын порталға 120 000-нан аса қатысушы тіркелсе, соның ішінде 70 000-нан аса қатысушы әлемнің 74 елінен екен.

- Негізі электронды кітапханаға көшу біздің ел үшін қаншалықты тиімді?

- Бүгінде көптеген халықаралық ұйымдар ауқымды ақпараттық жүйе құру туралы мәселе көтеріп жүр. Ал мұндай жүйеге біздің де енуіміз үшін компьютерлеріміз әлемдік бірегей бағдарлама бойынша жұмыс жасауы қажет. Бұл жағдайда, тұтынушыларымыз әлемнің әр нүктесінде жүрсе де қажет ақпаратын ала алады. Жаңарту жүйесі қалыпты жүзеге асса, онда еліміздегі кез келген кітапхана компьютермен жарақтандырылады. Сөйтіп, қалалық үлкен кітапханалар қоржынындағы мәліметтерді кез келген ауыл кітапханашысы оқырманына ұсынуға мүмкіндік алады. Сол сияқты, кітапханаларда кітаптардың электронды нұсқасының сайттары құрылады. Ең бастысы, олар мемлекеттік тілдегі ақпараттарды жинайды. Біз әлемдік жүйеге өз тілімізбен және өз авторларымызбен енуге тиіспіз. Осы мақсатта іске қосылған ҚазҰЭК-ті толымдау жұмыстары толығымен аяқталған соң, нәтижесін көретін боласыздар.

- Сіздерде қанша кітап электронды нұсқада сақталған?

- 2014 жылғы қыркүйектің басындағы жағдай бойынша электронды сақтау қоймасының жалпы көлемі - 17822 е-көшірме. Сол қатардағы кітаптар саны - 9921, автореферат және диссертация - 7823, журнал мен бейнефайлдар саны - 78 е-көшірме. Ескеретін жайт, е-көшірмелер 5 тілде берілген. Кейінгі кезеңде электронды қорды толтыруға серіктес-қатысушылар тарапынан 300-ден, ал автор және автор құқығын иеленушілер тарапынан 1000-нан аса кітап ұсынылды.

- Бүгінгі таңда Қазақстанда жарық көрген кітаптардың толық мәтіндерінің электронды көшірмелерін оқырман он-лайн режімінде тапсырыс беріп, оқуына қаншалықты мүмкіндіктері бар?

- Оқырмандарымыз электронды кітапханалардың мәліметтер базасына, әлемдегі алпауыт ақпарат орталықтарының каталогтарына, жеке электронды коллекцияларға қолжеткізуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ электронды сөздіктерді, оқулықтарды, кітаптарды, энциклопедияларды, CD-Rom-дағы мерзімді басылымдарды, интерактивті оқу курстарын және басқа да басылымдарды кеңінен қолдануда. Бұдан бөлек, оқырмандар үшін күнделікті мерзімді басылымдар, әдеби-көркем туындылар, ғылыми кітап-энциклопедиялар секілді жазба байлықтарымызды жинақтаумен бірге, оларды электронды нұсқада ұсына аламыз. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде шыққан кітаптарды да компьютер экранынан көріп, оқуға жол ашылды.

- Бүгінгі таңда жастар кітап оқымайтын болды деп көп айтамыз. Жалпы, халықты кітап оқуға тартудың қандай жолдары бар? Осыған орай қандай іс-шаралар ұйымдастырып жатырсыздар?

- Алты құрлыққа ортақ оқу мәселесі - кітапханашы қауымның да жауапкершілігін талап ететін тармақ. 2007 жылы кітапханада оқу ісін ілгерілету, оқуға қолдау көрсету мақсатында Халықаралық деңгейде Оқу конгресі ұйымдастырылды. Конгресс аясында бастау алған «Бір ел - бір кітап» акциясы жыл сайын дәстүрлі шара ретінде өткізіліп келеді. Сегіз жылда сегіз қаламгердің еңбегі екшеліп, «әдебиет» атты ұлы құралдың арқасында сегіз жылда 10 миллионнан аса оқырманға ой салдық.

- Кітапханаларыңыз қандай халықаралық орындармен қарым-қатынастар жасайды?

- Кітапхана қызметіндегі басым бағыттың бірі - халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Кітапхана ИФЛА, ЕКА (БАЕ), ЮНЕСКО, БҰҰДБ, НАТО тәрізді әлемге әйгілі халықаралық ұйымдармен белсенді қарым-қатынас орнатқан. Ырысты ынтымақтастықтың арқасында Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Жапония, Норвегия, Корея, Куба, Үндістан, Ресей, Әзірбайжан, Украина, Түркіменстан тәрізді бірқатар елдердің Елшіліктері тарапынан кітапханамызға кітаптар тарту етілді. ИФЛА-ның ұйымдастыруымен жыл сайын дүниежүзі кітапханашылары бас қосып, саладағы сан түрлі мәселеден ой толғайды. Осы орайда, биылғы тамыз айында екі қызметкеріміз Францияның Лион қаласында өткен ИФЛА-ның 80- бас конференциясына қатысып, үлкен әсермен оралды.

- Шетелде тұрып жатқан қандастарымыздың ішінде де ақын-жазушыларымыз жеткілікті. Олар кітаптарын қай елде тұрса, сол елде, тіпті сол елдің тілінде шығарып жатқандары да бар. Сіздер де сол қандастарымыздың кітаптарын елге, яғни осы Ұлттық академиялық кітапханаға жеткізу жұмыстары қаралған ба?

- Қазақ қаламгерлерінің кітаптарын жарнамалау жағы әлі де көңілге қонымсыз десем өтірік емес. Еліміздегілерді ерте ме, кеш пе ептеп жинап алармыз деген желеумен отандық баспалардан тегін жеткізілуге тиіс міндетті даналарымызды түгендеуді қоя тұрып, шетелде шығарылған құнды басылымдарды (қай тілде болса да) жеткізудің де жөні болар. Енді мынаған қараңыз, қазақ көп қоныстанған көрші Қытайдағы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесінің өзінде жылына жоспарлы түрде 100 мың аталыммен жаңа кітап жарық көрсе, соның 30 мыңға жуығы қазақ авторларының туындысы екен. Өкінішке орай, сол су жаңа жазбалардың тілі араб графикасы, яғни төте жазумен (кейде қытай тілінде) жарияланады. Төрімізге қондырып, сөреде тілін түсінетін оқырман таппай тұра ма деген күдік кім-кімді де жеңбей ме?.. Меніңше, мемлекеттік комиссия сараптамасынан өткен, оқырманға қажетті деген жазбаларды жеткізсек, ұтымды жол сол болар.

- Елімізде мүйізі қарағайдай классикалық ақын-жазушыларымыз өте көп. Солардың еңбектерін, шығармаларын шет тілдеріне аударып, үгіттеу, насихаттау, әлемдік деңгейдегі кітапханаларға жеткізу жұмыстары сіздердің қызметтік өкілеттеріңізге кіре ме?

- Классикалық ақын-жазушыларымыздың шығармаларын саралап, шетел тілдеріне аударту жұмысы кітапханашының құзыретіне мүлдем жатпайды. Үстіміздегі жылы «Алтын қыран» компаниялар тобының құрылтайшысы әрі бас директоры Исламбек Салжановтың бастамасымен әйгілі жазушы Әбдіжамил Нұрпейісовтің «Қан мен тер», «Соңғы парыз» атты еңбектері ағылшын тіліне тәржімаланып, америкалықтар назарына ұсынылғаны есімде.

- Биыл мемлекет «кітапхана ісі» мамандығы бойынша 40-50 грант бөліпті. Алайда, осы гранттың біразы жас түлектердің осы мамандықты таңдамағанына байланысты бос қалған. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

- Бүгінде жоғары білімді кітапханашы мамандардың, әсіресе, жас кітапханашылардың тапшылығы өткір сезілуде. Өйткені, кітапханалардағы болашағы бар деген мамандардың айлық жалақысы жоғары өзге жұмыстарға орналасуына байланысты мұндағы кадр жағдаяты нақты шешімдерді қажет етеді. Сондықтан да кітапханадағы бос орындарды арнайы кітапханалық білімі жоқ мамандармен толықтыруға мәжбүрміз. Бұл - бір.

Екіншіден, орын алған кейбір қателіктердің салдарынан көптеген мәселелер күн тәртібінен түспей тұр. Соның бірі - оқуға тарту тәсілі. Мәселен, 2011 жылы кітапхана әкімшілігі Челябинск Мемлекеттік Мәдениет және өнер академиясы жанындағы Қосымша кәсіби білім беру институтымен келісімшарт жасасыпты. Кітапхана саласында еңбек етіп жүрген еліміздегі көптеген мамандар осы оқу орнының «Кітапханалық-ақпараттық қызмет» курсынан өткен. Әрине, ақылы негізде. Өкінішке орай, заңды тұрғыдан аталған курс түлектері «жоғары білімді кітапханашы» мамандарының орнын алмастыру құқығына ие бола алмайды. Оқу мерзімі - 1 жыл, сол 12 айда - 3 сессия. Осылай оқу мерзімінің қысқалығы мамандардың басым бөлігінің қызығушылығын оятып, қазақстандық оқу орындары кейінгі кезекте қала берген.

Үшіншіден, грантқа талапкер жинау проблемасы - ТМД елдеріндегі кітапханатану факультеттерінде қалыптасқан құбылыс. Кейде мені алдағы 50 жылда кітапханашы мамандардың қатары қай көрсеткіште болар екен деген күмәнді сұрақ мазалайды? Мүмкін, мемлекет тарапынан кейбір салаларға басымдық беріліп, тек сол тізімдегі мамандық иелерінің әлеуметтік жағдайлары назарға алынып жатса, онда міндетті түрде жас мамандарға жол ашылар еді.

- Жалпы «Кітапхана ісі» мамандығының басқа мамандықтардан қандай ерекшелігі бар?

- Ерекшелігі, ең алдымен, кітапхана ісі - әмбебап сала. Кітапхана қай кезеңде де электронды және дәстүрлі ақпараттардың мәңгілік сақтаушысы болып қала береді. Елімізде сан түрлі мамандықтың басын қосатын мекеме біреу болса, ол - кітапхана. Білікті библиографтан бастап есепші, заңгер, мұғалім, журналист, ғалым, мәдениеттанушы, саясаттанушы, суретші, әнші, IT-мамандар, инженер, теміржолшы, тіпті жыр арқылы тармақтарын түрліше өрнектеген ақын да бізден табылады. Анығында, ақпараттық қоғамда тұтынушының жолсерігі әрі кеңесшісі ретінде кітапханашылардың мәртебесі өсіп келеді. Өйткені, кітапхана ісі - өз алдына шеберлікті талап ететін күрделі процесс.

- Жұмыстарыңызда оқырманға тиімді тағы да қандай жаңалықтар бар? Алда қандай жоба-жоспарларыңыз бар?

- Бүгінде кітапханада интернет қызметтері ақысыз ұсынылатын болды, пайдаланушыларға барынша қолайлы болуы үшін Wi-Fi желісіз интернет жүйесі енгізілді, енді ҚазҰЭК қорын кеңейту істеріне күш салынуда. Сондай-ақ «Шаңырақ» атауымен балалар орталығы ашылып, жас оқырмандарға да сапалы қызмет көрсетіліп жатыр. Соңғы үш айда кітапханада 140 мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп, 45 экскурсия ұйымдастырылыпты. Кітапханаға заманауи менеджментті енгізу мақсатында жаңадан ғылым, менеджмент және маркетинг бөлімі қосылып, жас ақын-жазушылар клубының жұмыстары жаңарып, «ТӘЖ» (Тәуелсіздік. Әдебиет. Жастар) атауымен қайта құрылды. Жоғарыда сөз етілген «Кітап мұражайын» құру мәселесін министрлікке мәлімдеген едік, қолдайтын ниет танытты. Қазіргі таңда «Кітап мұражайын» жасақтау жұмыстары басталып кетті.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Күнсұлтан Отарбай