Ғалымдар: 2050 жылға қарай адамзаттың жартысы алыстан көрмейтін болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа Оңтүстік Уэльс Университеті мен Сингапур көзді зерттеу институтының қызметкерлері көру мәселесіне байланысты зерттеу жұмыс жүргізді.

Ғалымдар: 2050 жылға қарай адамзаттың жартысы алыстан көрмейтін болады

Зерттеушілердің айтуынша, 2050 жылға қарай Жер шары тұрғындарының жартысы алыстан көрмейтін болады. Ал кейбіреулері көру қабілетінен мүлдем айырылуы мүмкін.

Ғалымдар тәжірибеге 2 млн-ға жуық адамды тартты. Олардың көру қабілеттері бойынша деректер 1995 - 2010 жылдар аралығында жиналды.

Мамандардың сөзіне қарағанда, 2000 жылы Жер тұрғындарының 22,9% алыстан көрмеу ауруынан зардап шекті. Бұл шамамен 1,4 млрд адам.

Ал 34 жылдан кейін, 2050 жылы тұрғындардың 49,8% (4,758 млрд адам) бұл мәселеге тап болуы мүмкін. Олардың шамамен миллиардында жағдай ауыр болмақ.

Ғалымдар технологиялар мен урбанизация алыстан көрмейтіндердің қатарын арттыратынын еске салды. Дегенмен, өз денсаулығын бақылап, күніне шамамен 2 сағат далада таза ауа жұтып гаджеттен аулақ жүрсе миопияның (алыстан көрмеу) дамуын бәсеңдетуі мүмкін.