10:55, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
Ғарифолла Есімнің «Жар жағасы» кітабы Мысыр елінде басылып шықты
АСТАНА. Мамырдың 29-ы. Қазақпарат (Өркен Балжанов) - Елімізге белгілі философ, жазушы, академик Ғарифолла Есім 500-ден аса шығармалар мен ғылыми еңбектердің авторы. Олардың ішінде «Хакім Абай» кітабы елімізде орыс тілінде, Америка Құрама Штаттарында ағылшын тіліне аударылып жарыққа шыққан еді. Сондай-ақ жекелеген шығармалары түрік, парсы тілдеріне тәржімаланғаны оқырмандарға белгілі,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Жар жағасы» философиялық новеллалардан тұратын кітап. Ол орыс тілінде «Прошлое в настоящем» (опыт философской прозы) деген атпен Алматыда 2003 жылы басылып шықты. Осы философиялық новеллалар жинағы араб тіліне аударылып Каирдың «Ұлттық аударма орталығында» 2009 жылы 50 мың таралыммен жарық көрді. Кітапқа «Нұр-Мүбәрак» Мысыр ислам университетінің ректоры, сол елдің белгілі ғалымы Махмұд Фаһми Хижази алғы сөз жазды.
«Жар жағасына» арқау болған - адам болмысы, оның тағдыры туралы ғалымның ой-пікірлері. Автор «жар жағалап ғұмыр кешкен адам» деген философиялық метафораға айналған ұғым арқылы адам болмысының құпиясына терең үңіле отырып үлкен философиялық мәселелерді қозғайды. «Адамдар қай заманда, қай елде болмасын Тағдырларын арқалап, бұл жарық дүниенің Үміт Базарында, жар жағалап күндерін кешуде» деген автор сөзінен басталатын кітап терең ойға жетелейді. Себеп, бүгінгі заман толқыны тек жеке адам ғана емес, бүкіл қоғамдық жүйенің жар жағасында тұрғанын көрсетеді. Осындай философиялық мазмұндағы шығармаларды араб, ағылшын тілдеріне аудару еліміздің ғалымдарының еңбектеріне жаңаша серпін берері сөзсіз. Академик Ғарифолла Есімнің «Жар жағасы» кітабының араб тіліне аударылуының өзіндік жетістіктері жеткілікті. Себебі, араб тілін алсақ, ол өзінің таралуы мен қолданылу аясы жағынан біраз аймақты алып жатыр. Американдық мамандардың деректеріне қарағанда, ағылшын тілінің соңын ала испан және араб тілінің қолданыс аясы кеңейіп келеді. Араб тілінде сөйлейтін халықтардың жалпы саны алдағы уақытта 482 млн. жуық адамға жететіндігі алға тартылады. Сондықтан, шығарманың араб тіліне аударылуы - жаңалық. Әрине, араб тілін пайдаланатын миллиондаған халық үшін 50 мың таралым аз болып көрінуі мүмкін, дегенмен қазақ тіліндегі шығарманың әлем халықтарының айтарлықтай бөлігі сөйлейтін тілге аударылуын қуанарлық жаңалық деп қабылдау өте орынды.