Гарвард пен Оксфорд шахматшылары Алматыдағы әлем чемпионатына қатысады
АСТАНА. KAZINFORM – Алматыда 3-10 тамыз аралығында FIDE World University Team Chess Championship студенттер арасындағы командалық әлем чемпионатының финалы өтеді, деп хабарлайды Kazakh Tourism.
Әлемдік деңгейдегі жарысқа Америка, Еуропа, Африка және Азия елдерінің үздік университет командалары қатысады. Іріктеу кезеңінен өткен құрамалармен қатар, арнайы шақырту алған беделді жоғары оқу орындары да чемпион атағына таласады.
Финалдық кезеңге Гарвард, Оксфорд, Кембридж және Пекин университеттері wild card арқылы шақырту алды.
Сондай-ақ жарысқа Сент-Луис, Далластағы Техас, Вебстер, Орал тау-кен, Афины ұлттық техникалық, Чили және Гунадарма университеттерінің командалары қатысады.
Қазақстан намысын екі жоғары оқу орны қорғайды:
-
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті;
-
Қазақ ұлттық спорт университеті.
Тағы үш wild card иегерінің есімі кейінірек жарияланады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай деңгейдегі халықаралық турнирді өткізу Қазақстандағы іс-шаралық және жастар туризмін дамытуға серпін береді.
Жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен шахматшылар, профессорлар мен жанкүйерлер келеді деп күтілуде. Олар турнир аясында Қазақстанның мәдениетімен, туристік мүмкіндіктерімен және табиғатымен таныса алады.
Айта кетейік, 17 жастағы шахматшы халықаралық гроссмейстер атанды.