Ғарыш саласы ұлттық мүдде талабымен жұмыс істеуі керек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық сарапшылардың бағалауынша 2012 жылы ғарыш саласының жалпы әлемдік бюджеті кемінде 73 млрд. доллар болған екен. Сонымен қатар, түрлі ғарыштық өнімдер мен қызметтерден түсетін табыс шамамен 300 млрд. долларға жетіпті.
Тағы бір дерек ғарыш саласына салынатын әрбір доллар кемінде 5-6 доллар пайда әкелетінін алға тартады. Ендеше, бұл саланың келешегі кемел. Ал бұрыннан қалыптасқан базасы бар, жеткілікті әлеуетке ие ғарыш қызметі Қазақстанда қалай дамымақ? Бүгін Парламент Мәжілісінде осы мәселелер төңірегінде сөз болған еді. Шындығында, Қазақстанның ғарыштық әлеуеті көпшілік елмен салыстырғанда кенде емес, керісінше керемет дамуға жол ашатын мүмкіндіктер де, жобалар һәм жоспарлар да баршылық. Бүгінге дейінгі атқарылғанға келсек, ең алғашқы жолы болмай жоғалып кеткен «KazSat-1» жер серігін қоспағанда, одан бөлек «KazSat-2» және жақында ғана ғарышқа орныққан «KazSat-3» спутнигі бар бізде. Мұндай жер серіктері кез-келген елде жоқ екенін ескерген маңызды. «KazSat-2» жер се¬рігі қазірдің өзінде өз әлеуетінің 66 пайызына жұмыс істеп жатса керек. Енді оған серіктесе ұшырылған «KazSat-3» қыркүйек айында толық¬қанды жұмыс істей бастайтын көрінеді. Екі жер серігінің пайдасы сол, аппарат жылына импорттық қызметтерді тұтынуды 4 миллиард теңгеге дейін төмендетпек. Осылайша, «KazSat-3» спутнигін ұшыру арқылы Қазақстан байланыстың толыққанды жүйесін иеленетін болады. Бұдан бөлек, тағы да ауқымды жобалар баршылық. Дегенмен, Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов ғарыш саласындағы оң көрсеткіштерге қарамастан, кейбір кем-кетіктердің, олқылықтардың орын алып отырғанын алға тартады. «Біріншіден, Қазақстан ғарыш саласын инвестициялап, оның дамуына қаржы салып жатқан мемлекеттердің қатарына кіреді. Еліміз үшін «Бәйтерек» зымыран кешенін құру стратегиялық бағыттардың бірі болып табылады, бұл кешеннің негізін салу экологиялық қауіпсіз және озық қазақстандық ғарыш кешені ретінде 2004 жылы басталды. Алайда, жобаны іске асыру мерзімі 4 жылға созылып, оның құны 7 есеге артып кетті», - дейді Мәжіліс депутаты Сейітсұлтан Әйімбетов. Оның сөзіне қарағанда, «Бәйтерек» кешенін құру туралы үкіметаралық келісімде пайдалануға беру мерзімі жөніндегі кепілдіктер жоқ. «Сондықтан Үкімет пен Қазғарыш ұлттық мүддені талап етуге тиіс. Бүгінгі күні әлемнің 80-нен астам елінің түрлі ғарыштық аппараттары бар екені белгілі, бірақ 11 елдің ғана орбитаға шығарудың технологиялық мүмкіндігі бар. Ғарыш саласында қуатты ресурсы, яғни ғарыш айлағы бар, біздің еліміз ғарыш державасы ретінде өзін таныта алмай отыр және өзінің ғарыш айлағынан түсетін коммерциялық табысы жоқ», - дейді депутат. Екінші мәселе спутниктік ресурстардың тиімді пайдаланылуы. Бүгінгі таңда «KazSat-2» спутнигі жұмыс істесе, оған септесетін «KazSat-3» қыркүйекте іске қосылады. Мемлекет осы спутниктерді іске асыруға 43 млрд. теңгеден аса қаражат бөлген. Осы арқылы қызметтер көрсету импортының айналымын жылына 4 млрд. теңгеге азайту, салықтық төлемдердің түсуін ұлғайту, ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін шешу, сондай-ақ, қазақстандық байланыс операторларының спутниктік ресурстарға қажеттілігін толық қанағаттандыру көзделген болатын. «Алайда, спутниктік ресурстардың қызметін қазақстандық телекоммуникациялық компаниялардың барлығы пайдаланбайды. Бүгінгі күні ғарыш спутнигінің жүктемесі 69 %-ды құрайды. Осыған байланысты, уәкілетті органдар қазақстандық операторлардың өзіміздің спутникке көшу кестесінің орындалуын қадағалауы, сондай-ақ ғарыш жүйесінің тоқтап қалуының және қаражаттың шетелге кетуінің алдын алуы қажет. Ал Үкімет ұлттық мүдденің іске асырылуын қамтамасыз етсін және отандық телекоммуникациялық компаниялардың «KazSat» спутниктеріне көшуін заңнамалық деңгейде міндеттесін деген ұсыныс айтамыз», - дейді депутат С. Әйімбетов. Бұдан бөлек, мәжілісмендер ғарыш саласына бөлінетін қаражатқа бақылауды күшейту қажеттігін алға тартады. Мәліметтерге қарағанда, түрлі мақсаттағы ғарыштық аппараттардың құрамдас бөліктерін шығаруды, құрастыруды және сынақтан өткізуді айтпағанда, соңғы 5 жылда әлемде ғарыштық аппараттар өндіру көлемі 65,5 млрд. долларға бағаланып отыр екен. «Өкінішке қарай, біз «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс көрсеткендей, бюджет қаражатының мақсатсыз және тиімсіз жұмсалып жатқанына, көбіне тікелей жымқырылып жатқанына куә болып отырмыз. Сондықтан, ғарыш саласы қомақты бюджет қаражаты жұмсалып отырған экономиканың ең қымбат саласының бірі болғандықтан Агенттік пен жауапты мемлекеттік органдар тарапынан жүйелі әрі мұқият бақылау қажет», - дейді С. Әйімбетов. Тағы бір маңызды мәселе - экологиялық ахуал. «Бұл біздің еліміз үшін аса маңызды, өйткені бізде «Байқоңыр» ғарыш айлағы ұзақ уақыттан бері пайдаланылып келеді. Жыл сайын ауыр класты және улы сұйық отынмен жұмыс істейтін «Протон» тасымалдағыш зымыранын ұшыру жиілігі артып отыр. Ал шетелдік полигондардан ұшырылатын зымырандардың көпшілігінде құрамында улы заттары жоқ отын пайдаланылады. Біз ғарыш қызметінің қоршаған ортаға теріс әсер етіп, халқымыздың денсаулығын бұзатын проблемаға айналғанын қаламаймыз. Сондықтан адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, сондай-ақ қоршаған ортаға теріс әсер ететін ғарыш техникасы мен технологияларын пайдалануды шектеу қажет. Өткен жылғы «Протон» тасымалдағыш зымыранымен болған авария Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің Ресей тарапы жалға алған аумаққа қолданылмайтынын көрсетті. Осыған орай, бұл мәселені заңнамалық тұрғыда реттеу қажет», - деп атап өтті Сейітсұлтан Әйімбетов. Сөз арасында депутат ғарыш индустриясы әлемдік экономиканың ірі, коммерциялық жағынан тартымды құрамдас бөлігіне айналғанын алға тартады. Алайда, осы салада соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған қазіргі заманғы өндірістік база болмаса және олар ғылыми әзірлемелермен, сондай-ақ біліктілігі жоғары ғылым кадрлар мен кәсіби дайындығы бар мамандармен бекітілмесе, мұндай көрсеткішке қол жеткізудің мүмкін емес екені анық. «Бізді алаңдатып отырған жағдай, соңғы жылдары Қазақстанның көптеген жастары ғарыш державаларының жетекші жоғары оқу орындарында білім алып, тиісті даярлықтан өтті. Алайда, олардың барлығы өзінің білімі мен тәжірибесін ғарыш қызметінде іске асырылып жатқан жобаларға қолданбай отыр. Немесе осы салада жұмыс істегенімен, басқа мамандықтың функциясын атқарып отыр. Бұл таяу уақытта кадрлардың шетелге кетуіне себеп болуы мүмкін», - деп алаңдайды Сейітсұлтан Әйімбетов мырза. Сөз соңында депутат, ғарышты игеру моделі түбегейлі өзгеріп келе жатқанын да алға тартады. Мәселен, оның айтуынша, алғашқы онжылдықта ғарыш қызметін тек ірі мемлекеттер ғана жүзеге асырды және ол ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс мүдделерімен тікелей байланысты болды. Ал өткен ғасырдың соңында ғарыш қызметін коммерцияландыру процесі басталды. Ғарыш техникасы мен технологиясынан мол табыс түсетінін аңғарған жеке бизнесмендер де ғарышты игеруге кірісті. «Әрине мемлекеттік сектор да ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдаланудың коммерциялық бағыттарына ерекше көңіл бөле бастады. Мысалы, америкалық жеке меншік SpaceX (СпэйсЭкс) компаниясының зымырандары жер орбитасының кез келген биіктігіне жүк жеткізуге арналған. Сонымен қатар бұл компанияның зымыран ұшыру құны бірнеше есе арзан әрі экологиялық қауіпсіз. Осыған байланысты, өз аумағында ғарыш саласының бірегей инфрақұрылым объектілері, экономикалық және техникалық мүмкіндіктері бар Қазақстан ғарыш саласын дамытуға, оның ішінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестігін дамытуға жәрдемдесе отырып, жеке меншік инвесторларды тартуды басымдық ретінде қоюға тиіс», - дейді Сейітсұлтан Әйімбетов.