Ғарыш саласын дамыту ісін жіберген кемшіліктерімізден сабақ ала отырып жалғастыруымыз керек– Т. Мұсабаев
/>АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін BNews.kz порталында Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасымен онлайн-конференция ұйымдастырылды. Оның барысында Талғат Мұсабаев Қазақстанның ғарыш саласын дамытуда кездесіп жатқан проблемалар жайлы және перспективаларымыз туралы айтып берді. Ғарыш саласын дамыту жайлы айтылғанда ойымызға бірден «Байқоңыр» ғарыш айлағы түседі.
Қазақстанға Кеңес одағынан мұраға қалған бұл кешенді бүгінде Ресейге ұзақ жылға жалға бердік. Оның да өзіндік себептері бар. Бастыларының бірі - Қазақстандағы ғарыш саласын басқаратын мамандардың тапшылығы. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін еліміз ғарыш саласын дамытуды қазіргі таңда негізгі басымдықтарының қатарына жатқызып отыр. Себебі, XXI ғасыр озық технологиялардың, заманауи ақпараттық-коммуникацияның дәуірі. Ал бұл бағыттағы істерді көбіне-көп ғарыш саласын өркендетпей ілгерілету мүмкін емес.
Елімізде осы жылдар ішінде ғарыш саласын дамытуда біршама істер атқарылды. Ғарыш державаларының қатарына қосылу үшін «ҚазСат-1» жер серігін жасатқызып, ұшырдық. Бірақ қадамымыз сәтсіз болды. Жер серігіміз ғарыш кеңістігінде басқарудан шығып кетіп, табылмады. BNews.kz порталындағы бүгінгі конференцияда осы «ҚазСат-1» жер серігіне қатысты мәселе алғашқылардың бірі болып көтерілді.
Т. Мұсабаевтың айтуынша, құны 65 млн. доллар тұрған «ҚазСат-1» жер серігінің сақтандырылған қаржыны қайтарып алу жұмыстары күрделі жағдайда болса да жалғасуда. «Аталмыш жер серігін сақтандыру жұмыстарын кімнің және қандай жолмен іске асырғанын білмеймін. Бірақ ол сақтандырылған қаржыны қайтарып алу жұмыстары өте күрделі жағдайда жүріп жатыр. Бұл ұзаққа созылатын күрмеуі күрделі үдеріс. Сондықтан ол әлі де жалғасады. Бұл жағдай бойынша үкіметтің деңгейінде мәселе көтеру керек болды. Осы үдерістің өзі ұзаққа созылды», -деді агенттік төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, спутник ғарышта бір жарым жылдан астам уақыт ұшып жүрді. Осы уақытта ол шамамен 18 миллион долларға жуық қаржы тапқан. «65 миллионнан 18 миллионды алып тастағанда 47 миллион қалады. Сонымен қатар ескеретін мәселе - спутник өздігінен ұшып жүре бермейді. Оны жерден басқаратын да құрылғылар керек. Мысалы Астанадан 100 шақырым жерде осы спутникті жерден басқару орталығы орналасқан. Бұл ең озық технологиялар негізінде салынған соңғы үлгідегі құрылғы. Ол біздің мақтанышымыз десек болады. Өйткені онда тек еліміздің жоғары білікті мамандары жұмыс істеуде. «ҚазСат-1» спутнигін пайдалану кезінде біздің мамандар тарапынан ешқандай да кемшілік жіберілген жоқ. Ал ол құрылғыны салу үшін шамамен 5 миллион доллардың көлемінде қаржы жұмсалды. Осылайша спутниктің бағасының мөлшерлеп алғанда 20 миллионға жуық доллары алынды деп есептеуге болады. Сонымен қатар онда осы тектес тағы да бірқатар есептеуді қажет ететін дүниелер бар», деді Т.Мұсабаев.
Оның айтуынша, Қазақстан сақтандырушы компаниядан «ҚазСат-1» жер серігінің құнының 47 пайызы мөлшерінде, бұл шамамен 30,5 млн. доллар, өтемақы алуы тиіс. «Тәуелсіз компаниялардың есеп-қисабы бойынша Қазақстан аталмыш жүйеге салған қаржысын жоғалпауы және өзінің мүддесінде қалуы үшін сақтандырушылардан және қайта сақтандырушылардан жер серігі құнының 47 пайызы мөлшерінде өтемақы алса жеткілікті. Біз бұл мәселені Үкіметте көтердік, рұқсат берілді, айналасы бір апта болып қалды біз осы іспен шұғылданып жатырмыз», - деді ол.
Осы арада «миллиардтаған қаржыға салынған «ҚазСат-1» жер серігінің тағдыры неге бұлай қалыптасты?», деген заңды сауал туындайды.
Т.Мұсабаевтың пайымдауынша, мұның ең басты себебі - еліміздегі ғарыш дегеннің не екенін түсінбейтін адамдардың жер серігі сияқты күрделі әрі тәуекелді іске бел буып, көтере алмайтын шоқпарды белдеріне байлауында жатыр. «Кезінде «ҚазСат-1» жер серігін дайындаумен Ұлттық инновациялық қор айналысты. Ғарыш саласымен ешқандай қатысы жоқ ол қор өкілдері 65 миллион доллардың спутнигін жасау жөнінде келісімшарт жасасты. Ең сорақысы қор өкілдері келісімге отырған кәсіпорын мықты болғанымен, спутник жасаудан мүлдем тәжірибесі жоқ ресейлік кәсіпорын болатын. Ол тек зымырантасымалдағыштарды жасаумен айналысатын ұйым еді. Ал зымыран мен жер серігінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Білімсіздіктен, тәжірибесіздіктен жасалған келісімнің соңы тақырға отырғызды», - дейді Т. Мұсабаев.
Бір рет жіберілген қателік бүгінде бүкіл Агенттікті беделден жұрдай етіп отырғандығына тоқталған ол: «Кезінде жіберілген кемшілікке неге екені белгісіз барлығы Ұлттық ғарыш агенттігі мен оның басшылығында отырған азаматтар кінәлі деп есептейді. Сондықтан біз келешектегі істерімізді жіберген кемшіліктерімізден сабақ ала отырып жалғастыруымыз керек», - деді.
Бұл жерде Т. Мұсабаевтың «ҚазСат-2» жер серігі жайлы айтып отырғаны анық. «ҚазСат-1» жер серігінің ғарыш кеңістігінде басқаруға көнбей, істен шығып қалғаны әрине Қазақстанға оңайға соқпады. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді», демекші бастаған ісіміз бәтуәсіз болды екен деп, қолымызды қусырып, қарап отыруға тағы болмайды. Сондықтан да қазіргі уақытта «ҚазСат-2» жер серігі құрастырылып, ұшыруға әзірленіп жатқаны белгілі.
Бүгінгі конференция барысында «ҚазСат-2-ге» қатысты мәселе де назардан тыс қалмады. «Біз жуырда ғарышқа ұшырылады деп үміт артып отырған «ҚазСат-2» спутнигі де Ұлттық ғарыш агенттігі құрылғанға дейін және «ҚазСат-1-ді» жасаған кәсіпорында жасалған жер серігі. Оның қаншалықты сәтті жоба болатындығы белгісіз. Ал жауапкершілік қайтадан агенттік өкілдеріне жүктелмек. Бұл шешімді өзгерту қиын. Өйткені «ҚазСат-2» жобасы бойынша келісім 2006 жылы, яғни Агенттік құрылғанға дейін жасалып қойған және ақшасы да толық мөлшерде төленген. Бұл уақытта біз ғарыш саласындағы мамандарды дүниенің түкпір-түкпірінен іздестіріп жүрген болатынбыз. Ал елге келгенде «ҚазСат-2» жүйесінің дайындалып жатқандығын естіп, қайран қалдық. Біз әрине спутникті тексеріп, «ҚазСат-1» жобасы бойынша кеткен қателіктерді зерделеп, жаңа жобаға біршама түзетулер енгіздік. Тексеру барысында біршама сауатсыз жасалған дүниелердің де куәсі болдық. Алайда оның бүкіл идеологиясын өзгерту мүмкін емес еді. Өйткені ол алдын ала жоспарлы түрде дайындалған дүние болатын», - деді Т.Мұсабаев.
Осы арада Т. Мұсабаев «ҚазСат-2» спутнигі белгіленген мерзімде ұшырылмай қалуы да ықтимал екендігін алдыға тартты. «ҚазСат-2» спутнигі ағымдағы жылдың желтоқсан айында ұшырылады. Алайда оның белгіленген мерзімде ұшырылмауы да мүмкін», деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, алдын-ала жасалған келісім бойынша ресейліктер бұл жер серігін 2009 жылдың желтоқсан айында ұшыруы қажет болатын. Алайда ресейліктер келісімге өзгеріс енгізіп, тағы бір жыл уақыт беруді сұраған. «Оның өзі ресейліктер үшін аз болып отыр. Енді «КазСат-2» спутнигі осы жылдың желтоқсан айында ұшырылуы тиіс деп отырмыз. Алайда ол белгіленген мерзімінде ұшырылмай қалуы мүмкін», - деді агенттік төрағасы. Оның айтуынша, спутник уақытында ұшырылмай қалған жағдайда Қазақстан тарапы өзінің талаптарын қойып, айыппұл санкцияларын сала алады. «Басқаша айтқанда біз бұл мәселеге кешенді түрде дайындалдық» -, деді Т.Мұсабаев.
Дейтұрғанмен, Т. Мұсабаевтың сөзіне қарағанда, ғарыш саласында қазір біршама ілгерілеушіліктер бар. Еліміздің ғарыш державасына айналуы үшін барлық күш-жігерді сарқа пайдалану қажет және өзіміздің жеке спутниктер топтамамыз болуы керек. Елімізде бұл бағытта тиісті жоспарлар жасап, тіпті нақты жұмыстар да атқарылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар барынша жан-жақты, терең әрі толық зерттеп-зерделенген. Қазіргі таңда ғарышты дамыту бойынша 2014 жылға дейінгі кезеңді қамтитын бағдарлама бекітілді. Оған сәйкес жақын болашақта орбитаға телекоммуникациялық мақсаттарды жүзеге асыратын «ҚаСат» сияқты жер серігі ұшырылады. Бұл жолы Агенттік өткеннің кемшіліктерінен сабақ ала отырып, спутникке тапсырысты халықаралық тендер негізінде беріпті. «Қазір «ҚазСат-3» жер серігін жасауға тендер жарияланды. Тендерге Франция, Германия, Жапония, Ресей, АҚШ, Израиль, Үндістан сияқты мемлекеттер қатысуда», деді ол.
Т.Мұсабаевтың пайымдауынша, болашақты ғарышсыз елестету мүмкін емес. Ғарыш саласында өзгелерге тапсырыс беріп немесе мол қаржы төлеп, қажет дүниенің барлығын сатып алып отыра беру оңай. Бірақ әлемдік тәжірибеден қалыс қалмау үшін және ғарыш державасына айналу үшін Қазақстанның өзінің ғарыш саласы, осы саладағы жеке кәсіпорындары, мамандары болуы тиіс.
«Ғарыш саласын дамытуды көздейтін бағдарламада осы тектес мәселелердің барлығын қамтиды. Бұған қоса елімізде қазір жерді қашықтықтан зондтайтын құрылғылар топтамалары іске қосылуда. Бұл да ғарыш державасына айналуда қолға алынуы тиіс басты мәселелердің бірі. Сондай-ақ Қазақстан Ресейден басқа ғарыш саласындағы өзінің стратегиялық әріптесін тапты. Ол мемлекетпен де тиісті келісім жасалып, осы уақытта спутник жасау жұмыстары жалғасуда. Әзірге ол жер серіктері Францияда жасалуда. Бұл спутниктерді қажетті деңгейде пайдалану үшін арнайы кадрлар керек. Ал Қазақстанда олар әзірге жоқ немесе тапшы. Бұл мәселені шешу үшін Агенттік өзінің құзырына жатпайтындығына қарамастан, отандық кадрларды дайындау ісін жолға қойып отыр»,- дейді Т. Мұсабаев.
Оның айтуынша, қазақстандық мамандар қазірдің өзінде Францияда арнайы білім алып, өзіміздің ғарыш аппараттарымызды дайындауды үйренуде. Бұның барлығы арнайы келісімде анық көрсетілген. Ал қазан айының соңында Елбасының Францияға сапары барысында ғарыш саласы бойынша бірнеше меморандум мен келісімге қол қойылды. Олар бойынша жуық арада елордада қазіргі заманға сай ғарыш аппараттарын құрастыру - сынақ кешені салынатын болады. Бұл келісім «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» АҚ мен «EADS-Astrium» компаниясы арасында жасалған. Бұл кешенде ғарыш аппараттарын сынақтан өткізуден бастап, олардың жинау мен жобалау сияқты жұмыстардың барлығы жүргізіледі. Келісімшартта қазақстандық кадрларды оқыту мен замануи технологияларды жеткізу сияқты кең ауқымды мәселелер қарастырылған. «Осы ретте айта кетерлігі бізде бұрын соңды мұндай жұмыстар атқарылған емес. Мұндай кешен ТМД кеңістігінде алғаш салынғалы отыр. Ол тіпті Ресейдің өзінде де жоқ», - дейді Т. Мұсабаев.