16:10, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Ғарыш жөніндегі кеңесте «2009-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында ғарыштық қызметті дамыту» мемлекеттік бағдарламасының жобасы мақұлданды
АСТАНА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/ - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен ҚР Үкіметі жанындағы Ғарыш жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазғарыш баспасөз қызметіне сілтеме жасап.«2009-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында ғарыштық қызметті дамыту» мемлекеттік бағдарламасының жобасы туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев баяндама жасады. «Бұл жоба елімізде жаңа ғарыш саласын құруды көздейді, ол отандық экономиканың ғылымды қажетсінетін және жоғары технологиялық секторларының бірі болмақ», - деді ол. Т.Мұсабаев ғарыш қызметін дамытуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұдайы көңіл бөліп отырғанын атап көрсетті. Ғарыш жөніндегі кеңесте «Қазсат» сериялы спутниктік байланыс жүйесін құрудың проблемалық мәселелері қаралды. «Радиоэлектрондық құралдар мен электромагниттің үйлесімді ғарыш байланысы республикалық орталығы» АҚ президентінің міндетін атқарушы Бауыржан Құдабаев қазақстандық алғашқы «Қазсат-1» спутнигінің жоғалып кету себептері және «Қазсат-2» жобасын жүзеге асырудың болашағы туралы баяндады.
Кеңес қорытындысында «2009-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында ғарыштық қызметті дамыту» мемлекеттік бағдарламасының жобасын мақұлдау және одан әрі пысықтау үшін ҚР Үкіметіне ұсыну туралы шешім қабылданды.