Ғарыштық зерттеулерде жоғары оқу орындарының мүмкіндіктерін пайдалану керек - академик С. Айсағалиев
АЛМАТЫ. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ғарыштық зерттеулерде үлкен нәтижеге қол жеткізу үшін ұйымдастыру мәселесін шешу керек.
Бұл жайлы бүгін Алматыда өтіп жатқан ғарыштық жүйелер мен кешендер жасау жобаларын ғылыми-технологиялық қамтамасыз ету туралы семинар-дөңгелек үстел жиынында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Республикадағы ғарыш саласында істейтін барлық ғалымдардың басын қосып, атқарылатын жұмысты өзара бөлу керек. Кім немен айналысатынын, қайсысы нақты, қайсысы қолданбалы зерттеулерге жататынын, қайсысы жүзеге асырылуы тиістігін анықтау қажет. Бізде жақсы жоғары оқу орындары бар. Республика үшін, бүкіл халық үшін жасалатын болған соң соларды дұрыс пайдалану керек", дейді ҚР Еңбек сіңірген ғылым қайраткері, академик Серікбай Айсағалиев. ҚазҰУ профессорының айтуынша, адамның қолымен жасалған істі басқа адам да істей алады. Ғарышты зерттеу саласында бәрі бірден жасалмайды. Оған уақыт керек. Ұйымдастыру мәселесін дұрыс шешу арқылы ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Өзге елдердің бұл салада 50, 100 жылдық тәжірибесі бар. Ал Қазақстанда бұл жұмыс тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қарқынды дами бастады. Сондықтан біздің болашаққа деген үмітіміз өте зор.