Ғасырдан асқан Түркістан вокзалына ғылыми реставрация жасалады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Қасиетті шаһардың тарихи нысандарының бірі саналатын теміржол вокзалы бүгінде айтарлықтай тозған. 2000 жылы күрделі жөндеуден өткен ғимаратта содан бері есік-терезелер жаңармаған.
1904 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан Түркістан теміржол вокзалына ғылыми реставрация жүргізіледі. Жаңғырту жұмыстары келесі айда басталмақ.

Вокзал бастығы Марат Мирзакуловтың айтуынша, 2022 жылы жүргізілген жұмыстар барысында тек ішкі еден жабындары мен перон жолдарының брусчаткалары ғана ауыстырылған.
Алдағы реставрация «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қаржысы есебінен жүзеге асады. Жобаны «Қазқайтажаңарту» мекемесі атқарады.

— Түркістан теміржол вокзалы — тек көлік нысаны ғана емес, шаһардың тарихи ескерткіші. Ғылыми-жобалық құжаттамаға сәйкес, ұзақ жылдар бойы реставрация жасалмаған вокзалдың тарихи, сәулеттік-көркемдік келбеті әуелгі қалпына келтіріледі. Жұмыстар жолаушылар қозғалысына кедергі келтірмей, барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізіледі, — деді «Қазқайтаңжаңарту» РМК бас директоры Олжас Шариязданов.

Қазіргі таңда 120 жылдан астам тарихы бар вокзалдан 17 қаларалық және 3 халықаралық бағытта пойыз қатынайды.
Бұдан бұрын Астана-1 вокзалының жаңа бөлігінің реконструкциясы қазанның соңына дейін аяқталатынын жазған едік.

