Газ баллондары мен еңбек қауіпсіздігі: Үкімет шағын бизнеске бақылауды күшейтпек
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет еңбек қауіпсіздігінің сақталуын ірі кәсіпорындарда ғана емес, шағын және орта бизнес нысандарында да қатаң бақылауға алмақ. Премьер-Министр Олжас Бектенов қоғамдық тамақтану орындарын тексеруді күшейтіп, жыл соңына дейін өнеркәсіптік қауіпсіздіктің цифрлық платформасын іске қосуды тапсырды.
Премьер-Министр өнідіріс қауіпсіздігі саласында заманауи цифрлық мониторинг, бейнебақылау және автоматтандырылған бақылау жүйелерін енгізуді жандандыру керегін атап өтті.
Еңбек министрлігінің Еңбек тәуекелдері картасына барлық өндірістік кәсіпорындар, оның ішінде қауіпсіздік пен еңбекті қорғау параметрлері енгізілген.
– Алайда, бұзушылықтар кәсіпорындарда ғана емес, құрылыс нысандарында, қоғамдық тамақтану орындарында да болуы мүмкін. Олар ешқандай мониторингпен және жүйелі тексерулермен қамтылмаған. Сондықтан барлық шағын және орта бизнес субъектілеріне қатысты қатаң бақылауды қамтамасыз ету қажет. Азаматтарымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігі басты орында тұруға тиіс, – деді О. Бектенов.
Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мемлекеттік еңбек инспекциясына кеңейтілген өкілеттіктер беру бөлігінде заңнамалық түзетулер әзірлеуі керек. Бұл ірі кәсіпорындарда ғана емес, шағын және орта бизнес саласында да еңбек тәртібін нығайтып, қауіпсіздікті сақтауға ықпал етеді.
–Тұрғын үйлерге жапсарлас салынған немесе солардың ішінде орналасқан қызмет көрсету ұйымдарына айрықша назар аудару қажет. Әкімдіктер мен Төтенше жағдайлар министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп, газ баллондарының сақталуы мен пайдаланылуын бақылау үшін қоғамдық тамақтану орындарына тексеру жүргізсін, – деді Олжас Бектенов.
Сонымен бірге, Үкімет басшысы жыл соңына дейін өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы цифрлық платформаны енгізуді тапсырды.
Айта кетейік, енді Қазақстанда ірі кәсіпорын басшыларының жұмысы өндірістік жарақат деңгейі бойынша бағаланатын болады. Өндіріс қауіпсіздігіне қатысты KPI енгізіліп, оның орындалуы басшылардың жалақысы мен қызметте қалуына тікелей әсер етеді.