Газ, қант және лифттер: ШҚО-да қай салаларда бәсекелестікке қатысты заң талаптары бұзылған
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері бәсекелестікке қатысты заң талаптарын бұзу бойынша 6 факті тіркелді.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы Аслан Әліппаевтың мәліметінше, олар денсаулық сақтау, сұйытылған мұнай газын бөлу, лифттерге техникалық қызмет көрсету, қанттың көтерме саудасы және электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйелері салаларына қатысты.
Бес фактіге қатысты іс толық аяқталса, біреуі әлі орындалу сатысында.
— Бұдан бөлек, департамент квазимемлекеттік сектордың 28 нысанына мониторинг жүргізіп, жеке бизнестің дамуына кедергі келтіру фактісін анықтаған. Бұл жұмыстың мақсаты — нарықтағы ашық бәсекелестікті қамтамасыз етіп, кәсіпкерлер үшін тең мүмкіндік қалыптастыру, — дейді ол.
Еске салсақ, осыған дейін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мемлекеттік тапсырмалардан бәсекелестік нарықтағы қызметтер алынып тасталуы керек екенін айтты.