Газ өндіру ұлғайса да, көгілдір отын тапшы – Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысы Олжас Бектенов жаңа газ өндіру кен орындарын дамыту және геологиялық барлауға инвестиция тартудың баяу жүріп жатқанын айтып, Энергетика министрлігіне бірқатар тапсырма жүктеді.

«Газ өндіру мен өңдеу көлемінің ұлғаюына қарамастан біздің елімізде көгілдір отынның тапшылығы болып отыр. Қашағанда және Жаңаөзенде газ өңдеу зауыттарын салу ұзаққа созылып кетті. Жаңа кен орындарын дамыту және геологиялық барлауға инвестициялар тарту да баяу жүріп жатыр. Сондықтан Энергетика министрлігі мен «QazaqGaz» компаниясына газ өңдеу зауыттарын салу және жаңа газ кен орындарын игеру бойынша нақты жол карталарын әзірлеуді тапсырамын», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы Президент Ұлттық құрылтай отырысында халықты газбен қамтамасыз ету және газ құбырларын жаңғырту жөнінде тапсырма бергенін еске салды.
«Осы мақсатқа «Самұрық-Қазына» қоры 105 млрд теңге бөліп отыр. Энергетика министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бөлінетін қаражаттың уақытылы игерілуін қамтамасыз етуді және жылдың соңына дейін желілер салу бойынша барлық қажетті жұмыстарды аяқтауды тапсырамын», - дейді ол.