Газа секторы, Ауғанстан, ғарыштағы қару жарысы: ҰҚШҰ-ның Астана декларациясы қандай мәселелерді қозғады

АСТАНА. KAZINFORM – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі Астана сессиясының қорытындысы бойынша декларация қабылдады. Бұл жолғы декларацияда ұйымға мүше елдердің басшылары Газа секторы мен Ливандағы жағдайға, ғарыш кеңістігінде қарулану жарысының өршу қаупіне алаңдайтындарын білдірген.

ОДКБ
Фото: Ақорда

«Газа секторы мен Ливанда болып жатқан бейбіт тұрғындар арасындағы жойқын гуманитарлық дағдарыс пен елеулі шығындарға әкелген Палестина-Израиль қақтығысына алаңдаулымыз. Газа секторының аумағында және жалпы өңірде жауынгерлік іс-қимылдарды тұрақты тоқтатуға, гуманитарлық көмекті үздіксіз және қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз етуге, қарулы қақтығыс аймағын кеңейтпеу үшін ұстамдылыққа шақырамыз», - делінген декларация мәтінінде.

Құжатта Палестина мәселесін біржола реттеу үшін тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылу керектігі де айтылған.

Сондай-ақ, ҰҚШҰ-ға мүше елдердің іргедегі Ауғанстан тағдырына бейжай қарай алмайтыны атап өтілген.

«Біз Ауғанстанның соғыстан, терроризм мен есірткіден арылған бейбіт, тәуелсіз және біртұтас мемлекет ретінде қалыптасуын жақтаймыз. Ауғанстанда тұрақты және гүлденген мемлекет құру үшін халықтың барлық санаты мен этникалық топтардың мүдделерін білдіретін инклюзивті билікті қалыптастыру маңызды екенін атап өтеміз», - деп жазылған декларацияда.

ҰҚШҚ елдерінің басшылары ғарыш кеңістігінде қарулану жарысына жол бермеу үшін нақты келіссөздерді жылдамдатып өткізу керек деген ұстанымды жақтайды.

«Біз ғарыш кеңістігінде қарулану жарысының алдын алу үшін ортақ күш-жігерді жандандыру қажет екенін атап өтеміз.

Бұл ғарыш кеңістігіне қару орналастырмауға, ғарыш нысандарына немесе оларды пайдалану кезінде күш қолданбауға заңдық тұрғыда міндеттейтін көпжақты келіссөздерді тезірек іске қосу үшін қажет», - делінген құжатта.

Соңғы жаңалықтар