Газа секторында үшінші жыл қатарынан 660 мың бала мектепке бара алмай жүр

АСТАНА. KAZINFORM — Израильдің Газа секторындағы 23 айға созылған соғысы салдарынан 660 мың бала үшінші жыл қатарынан мектепке бара алмай отыр, деп жазады Анадолы.

Газадағы мектеп
Фото: Анадолы

Бұл туралы БҰҰ-ның Палестина босқындарына көмек көрсету және жұмыс ұйымдастыру жөніндегі Таяу Шығыс агенттігі (БАПОР) хабарлады.

БАПОР-дың жазбаша мәлімдемесінде Газа секторындағы соғыс — бұл балаларға қарсы соғыс екені айтылып, оны дереу тоқтату қажет екені баса көрсетілген.

— Балалар әрқашан қорғалуы тиіс, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар мәлімдемеде балалардың білім алуға деген құқығы ерекше аталып өтті: 
«660 мың бала үшінші жыл қатарынан соғыс кесірінен мектепке бара алмай отыр».

Агенттік Газа секторындағы балалардың «жоғалған ұрпаққа» айналу қаупі бар екенін айтып, соғысты тоқтатып, балаларға білімге және қалыпты өмірге қайта оралуға мүмкіндік беруге шақырды.

Палестинадағы Орта және Жоғары білім министрлігі 28 тамызда Батыс жағалаудағы жаңа оқу жылы қыркүйек айының басында басталатынын хабарлады.

Министрлік мәлімдемесінде Газа секторында шамамен 700 мың оқушы екі жылға созылған ауыр жағдайлар мен тікелей шабуылдар салдарынан оқуларын жалғастыра алмағаны айтылды. Сондай-ақ 70 мыңнан астам оқушы екі оқу жылы бойы орта мектепке бара алмаған.

Палестина Білім министрлігінің 2023 жылғы 7 қазан мен 2025 жылғы 26 тамыз аралығындағы соңғы деректеріне сәйкес, Израиль бұл уақыт аралығында Газа секторында 17 мыңнан астам бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларын, сондай-ақ 1 261 университет студентін өлтірген. Бұдан бөлек 25 мыңнан астам мектеп оқушысы мен 2 671 университет студенті жараланған.

Осы уақыт ішінде Батыс жағалауда Израиль шамамен 108 мектеп оқушысы мен 35 университет студентін өлтіріп, 739 оқушы мен 231 студентті жаралаған, 372 оқушы мен 413-тен астам университет студентін қамауға алған.

Министрліктің дерегі бойынша, Газа секторында Израиль 739 мектеп мұғалімі мен 226 университет оқытушысын өлтіріп, 3 091 мектеп қызметкері мен 1 421 университет маманын жаралаған.

Батыс жағалауда да Израиль әскері бес мұғалімді өлтіріп, 21 мұғалімді жаралаған және 182 мұғалімді, сондай-ақ 17 университет қызметкерін тұтқындаған.

2023 жылғы 7 қазаннан бері Израиль АҚШ-тың қолдауымен Газа секторында жаппай қырғын, ашаршылық, қирату және күшпен көшіру әрекеттерін жалғастырып келеді. Бұл әрекеттер халықаралық қауымдастықтың үндеулеріне және Халықаралық әділет сотының шабуылдарды тоқтату туралы шешімдеріне қарамастан жалғасып отыр.

Геноцид салдарынан 63 371 палестиналық қаза тапты, олардың басым бөлігі — әйелдер мен балалар. 159 835-тен астам адам жараланды, 9 мыңнан астамы із-түзсіз жоғалып кетті. Жүздеген мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Аштықтан 332 адам көз жұмды, оның 124-і — балалар.

Бұдан бұрын Газа секторында тағы бір сәби аштықтан көз жұмғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар