Газа секторында үйінді астында қалғандарды іздеу тек бір экскаватормен жүргізілмек

АСТАНА. KAZINFORM — Газа секторында көп айға созылған израильдік шабуылдардан қираған үйлердің астында қалған палестиналықтарды іздеу мен олардың денелерін шығару жұмыстары азаматтық қорғаныс бөлімшелерінің күшімен басталды, деп жазады Анадолы.

Газа секторында үйінді астында қалғандарды іздеу тек бір экскаватормен жүргізілмек
Фото: Анадолы

Бұл туралы Газа секторындағы Азаматтық қорғаныс басқармасының өкілі Махмуд Басал хабарлады.

— Азаматтық қорғаныс отрядтары үйінді астында қалған марқұмдарды іздеу және шығару жұмыстарының алғашқы кезеңіне кіріседі, — деді Басал.

Жұмыстар тек бір экскаватормен атқарылады

Басалдың айтуынша, іздеу жұмыстары орталық Газадағы Магази босқындар лагерінде басталады. Бұл процесс Халықаралық Қызыл Крест комитетімен, Мысыр комитетімен, полиция бөлімшелерімен және жергілікті муниципалитеттермен бірлесіп жүргізіледі.

Газа үкіметінің медиа-офисінің мәліметінше, Израиль шабуылдарының салдарынан шамамен 9 500 палестиналық хабар-ошарсыз кеткен, олардың тағдыры белгісіз.

Құрылыс техникасы жойылған, жаңасын әкелуге тыйым салынған

Басал Израиль шабуылдары азаматтық қорғаныстың ауыр техникасының көп бөлігін жойғанын айтты.

— Соған қарамастан, Тель-Авив үйінділерді тазалау үшін қажет техника мен жабдықты әкелуге әлі күнге дейін кедергі келтіріп отыр, — деді ол.

Газа үкіметінің баспасөз қызметі мұны атысты тоқтату режимі аясындағы гуманитарлық протоколдардың өрескел бұзылуы деп бағалады.

— Израиль жүздеген ауыр техниканың кіргізілуін бөгеп, палестиналықтардың денелерін шығаруға әдейі жол бермей отыр, — делінген мәлімдемеде.

Қызыл Крест тек бір экскаватор өткізе алды

Басалдың айтуынша, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің көмегімен Газадағы үйінділерді тазартуға тек бір экскаватор ғана кіргізілген. Оның жұмыс уақыты 100 сағатпен шектелген.

Бұл техника Магазидегі Ард-эль-Ваз ауданында үйінді астында қалғандарды іздеу кезінде қолданылмақ.

Мыңдаған отбасы көмек сұрап отыр

Басалдың айтуынша, мыңдаған отбасы жоғалған жақындарын іздеуге көмек сұрап жүгінуде.

— ДНҚ талдау зертханаларының жоқтығы — үлкен гуманитарлық мәселе. Өйткені жеке басы анықталмаған мәйіттердің көп болуы отбасы мүшелеріне ауыр психологиялық және әлеуметтік соққы беруде, — деді ол.

Израиль қайтарған жеке басы анықталмаған мәйіттер

Газа секторындағы Денсаулық сақтау министрлігі 14 қазаннан 15 қараша аралығында атысты тоқтату туралы келісім аясында Израиль 330 жеке басы анықталмаған мәйіт қайтарғанын хабарлады. Олардың тек 97-сінің ғана жеке басы анықталған, ал ондаған дененің аты-жөнін анықтау мүмкін болмағандықтан белгісіз күйінде жерленген.

Министрліктің айтуынша, барлық денеге медициналық сараптама жүргізілген. Жеке тұлғасы анықталмағандар тіркеліп, арнайы жерленген.

Палестиналықтардың жеке басын анықтау киім немесе денеде қалған белгілер арқылы жүзеге асырылады. Алайда қажетті жабдықтар мен зертханалардың жоқтығы бұл процесті айтарлықтай қиындатып отыр.

Газа гуманитарлық апатқа ұшырады

2023 жылдың 8 қазанында басталған Израиль шабуылдары Газа секторында ең ірі гуманитарлық дағдарыстардың біріне әкелді:

  • 69 мыңнан астам палестиналық қаза тапты,

  • 170 мыңнан астамы жараланды,

  • азаматтық инфрақұрылымның 90%-ы жойылды,

  • 70 миллион тоннаға жуық үйінді пайда болды,

  • мыңдаған отбасы жақындарын қираған ғимараттардың астынан әлі де іздеп жатыр.

Бұдан бұрын Израиль әскері Газа секторының оңтүстігінде ұзындығы 7 км болатын туннель тапқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар