Газа секторына Израиль танктері басып кірді
АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат - Израильдің әскери контингенті Газа секторының шекарасынан өтті. Палестинаның «Хамас» қозғалысының өкілдері осындай мәлімдеме жасады,
деп хабарлайды РБК агенттігі. Дерек көздердің хабарлауынша, Газа секторына бірнеше сауытты техника кіргізілген, олардың ішінде танктер мен бульдозерлер бар.
Дегенмен, Израиль қолбасшылығы бұл мәселе бойынша түсінік беруден бас тартуда, деп хабарлайды ВВС телекомпаниясы.
Қазіргі таңда израильдік және палестиналық қарулы топтардың арасында қақтығыстар орын алуда, бірақ қаза болғандар мен жараланғандар туралы әзірге ешқандай дерек түскен жоқ. Танктердің енгізілуі - жақында орын алған оқиғаларға Израильдің реакциясы болуы ықтимал, дейді сарапшылар. Естеріңізге сала кетейік, Израиль әскерилері, Газа секторында палестиналық жасақтармен болған атыстың салдарынан екі израильдік жауынгердің қаза болғанын хабарлаған болатын. Олардың айтуынша, әскерилер қорғаныс дуалының бойына жарылғыш заттар қойып жатқан қылмыскерлердің үстінен түскен. Орын алған атыс кезінде жарақат алған израильдік жауынгерлер ауруханада көз жұмған.