Газада атысты тоқтату келісімінен кейін 100-ден астам бала қаза тапты – ЮНИСЕФ
АСТАНА.KAZINFORM - 2025 жылдың 19 қазанында атысты тоқтату туралы келісім күшіне енгеннен бергі үш ай ішінде Газа секторында 100-ден астам бала қаза тауып, тағы көптеген бала жарақат алды, деп хабарлайды Anadolu Ajansı.
Бұл туралы Женевадағы БҰҰ кеңсесі өткізген баспасөз мәслихатында Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Джеймс Элдер хабарлады.
Басылымның жазуынша, Элдер газалықтар қақаған қыста қиын жағдайды бастан өткеріп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар айтуынша, ЮНИСЕФ көмек көрсетуді жалғастырып жатыр.
Ол соңғы бірнеше күнде балалар тағы да суықтан қайтыс болғанын айтты, биылғы қыста гипотермиядан қайтыс болған балалардың жалпы саны алтыға жеткен.
ЮНИСЕФ өкілі атысты тоқтату денсаулық сақтау, тамақтану, су және санитария салаларын қоса алғанда, гуманитарлық жағынан оң өзгеріске мүмкіндік бергенін мойындады. Бірақ балалардың жағдайы әлі де ауыр екенін атап өтті.
– Элдер балалардың «шынайы қауіпсіздігін» қамтамасыз ету үшін атысты толық тоқтатуға, гуманитарлық көмекке кедергісіз қол жеткізуге және медициналық эвакуацияға шақырды, - делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, Израиль армиясы Газа секторының оккупацияланған аудандарына әуе және артиллериялық соққы жасады. Атап айтқанда, Газа және Рафах қалаларын атқылады.
Қазір Израиль әскері сектор аумағының 50 пайыздан астамын басып алған.