Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ғазада қираған ғимарат астынан екі әулеттің 99 мүшесінің мәйіті шығарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Газа секторының оңтүстігіндегі Сабра ауданында орналасқан Абу Шерия мен әл-Хасайине әулеттеріне тиесілі қираған ғимараттың үйіндісінен осы екі отбасының 99 мүшесінің мәйіті шығарылды, деп хабарлайды палестиналық WAFA агенттігі.

Ғазада қираған ғимарат астынан екі әулеттің 99 мүшесінің мәйіті шығарылды
Фото: wafa.ps

Ақпарат агенттігінің мәліметінше, іздестіру-құтқару топтары қаланың оңтүстігіндегі Сабра ауданында Израиль соққысынан қираған ғимараттың үйіндісін аршу жұмыстарын жүргізді.

2023 жылғы қазаннан 2025 жылғы 7 маусымға дейін Израиль авиациясының соққыларына ұшыраған бұл ғимаратта ондаған адам қаза тапқан. Қаза тапқандардың басым бөлігінің мәйіттері үйінді астында қалып қойған.

Іздестіру-құтқару топтары техникалық қиындықтар мен операцияның күрделілігін атап өтіп, Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан қираған ғимараттардың үйінділерінің астында әлі де мыңдаған адамның мәйіті жатқанын мәлімдеді.

Газадағы үйінді мәселесі

Израильдің шабуылдары салдарынан Газада 50–68 миллион тоннаға дейін үйінді пайда болды. Сол үйінділердің астында әлі күнге дейін шығарылуын күтіп жатқан шамамен 8 500 адамның мәйіті бар.

Өткен жылы қазанда жасалған атысты тоқтату туралы келісімнің алғашқы кезеңінде өңірге ауыр техниканы кіргізу қарастырылғанына қарамастан, Израиль шекара өткелдерін жабық ұстап, қалаға гуманитарлық көмектің жеткізілуіне мүмкіндік бермей отыр.

Қазіргі жағдайда өңірдегі жалғыз ауыр техникамен іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқан азаматтық қорғаныс бөлімшелері халықаралық қауымдастық қажетті техникалық қолдау көрсеткен жағдайда ғана бірнеше жылға созылуы мүмкін бұл жұмысты шамамен үш айдың ішінде аяқтай алатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Израильдің Газа секторына жасаған кезекті соққыларынан 7 палестиналықтың қаза тапқаны белгілі болды.