Газды есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесі қалыптастырылады — заң жобасы

АСТАНА. KAZINFORM — Тұтынылған газды есептегіш құралдарды ауыстыру газ жеткізушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында газбен жабдықтау және газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша заң жобасын таныстырған депутат Еділ Жаңбыршин айтты.

газ
Фото: Астана әкімдігі

— Тағы бір маңызды мәселе — ол газ тұтынуды есепке алудың дәл еместігі. Қазіргі уақытта 2,1 млн тұтынушының есептегіш құралдарының көрсеткіштері бақылаушылар тарапынан қолмен алынады немесе тұтынушылар есептегіш көрсеткішін фотоға түсіріп, мессенджерлермен жібереді. Абоненттердің бір бөлігі кейде үйінде болмайды немесе есептегіш құралдарға қолжетімділік бермейді. Бұл есептің толық әрі нақты жүргізілуіне кедергі келтіреді, — деді Еділ Жаңбыршин.

Оның дерегінше, QazaqGaz Aimaq жүйесіндегі 1,9 млн абоненттің тек 100 мыңы ғана деректерді қашықтан беретін есептегіш құралдармен жабдықталған.

— Осыған байланысты деректерді қашықтан беретін есептегіш құралдарға кезең-кезеңімен көшу, газды есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыру ұсынылады. Бұл ретте есептегіш құралдарды ауыстыру газ жеткізушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Газ саласында осындай нормалардың қабылдануы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, қалпына келмейтін ресурсты пайдаланудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрғындардың төлемдерін және газды үнемдейді, ал үнемделген газ ресурстары өндіріске және газдандырылмаған елді-мекендерді көгілдір отынмен қамтамсыз етілуге бағытталады, — деді депутат.

Айта кетейік, тауарлық газды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ жеке және коммуналдық тұтынушылар үшін сараланған тариф саясатын құруға бағытталған заң жобасына қатысты Еділ Жаңбыршин Kazinform тілшісіне сұхбат берген еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум