Гендерлік теңдік жобасын бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды

АСТАНА. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Астанада «Қазақстандағы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету іс-шараларын жетілдіру бойынша ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияны қолдау» жобасын бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды.
None
None
Құжатқа Біріккен ұлттар ұйымы Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Хаолянь Шу мен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 2009-2011 жылдарға арналған үш жылдық жобаның құны - 600 мың АҚШ доллары. Г. Әбдіқалықованың айтуынша, жобаны БҰҰ Даму бағдарламасы мен Қазақстан тарапы теңдей бөліп қаржыландыратын болады. Осылайша, гендерлік теңдік мәселесі мемлекеттік маңыздылық дәрежесіне көтеріліп, мемлекеттік органдар тарапынан нақты қолдау табатын болды. «Мен бұл жобаны әлеуметтік деп атағым келеді. Қазіргі дағдарыс кезеңінде әлеуметтік жікті қолдау аса маңызды. Ең алдымен біз шағын бизнеске, оның ішінде әйел адамдардың шағын бизнесіне қолдау көрсететін боламыз. Шағын бизнестің 40 пайызында әйел адамдар жұмыс істейді», деді Г. Әбдіқалықова. Оның айтуынша, жоба семинарлар, конференциялар және басқа да оқыту іс шараларын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, ерлер мен әйелдердің өзара қарым-қатынастары және өзара түсіністіктері тақырыптарына арналған әлеуметтік зерттеу жұмыстары жүргізіледі, Ұлттық комиссияның электрондық ресурстары дайындалады. Шешім қабылдау үдерісіне әйелдердің өкілдік етулеріне айрықша назар аударылатын болады. Г. Әбдіқалықова жоба отбасылық-демографиялық саясат саласында туындап отырған мәселелерге жауап беретінін айтты. Өз кезегінде Х. Шу мырза Қазақстан ерлер мен әйелдердің теңдігін ынтыландыруда және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуде зор табыстарға қол жеткізгенін атап көрсетті.
Соңғы жаңалықтар