«Гендік модификацияланған өнімдерден мүлдем бас тарту керек пе?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 17 қазан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан»  газетінің бүгінгі санында «150 000 000» тақырыбымен материал берілді. Кәсіпкер Сауранбай Дөненбаев осынша теңгеге өз ауылына мектеп-интернат салдырған екен. Бұған дейін ту­ған ауыл­да­ры­ның төрінен мешіт салып берген кәсіпкерлер ту­ра­лы қуана хабар­лай­тын жур­на­лист ағайындар: «Сауранбай де­ген кәсіпкер қиыр жайлап, шет қонған мал­шы­лардың бала­лары жататын интернат салып беріпті», деген жаңалыққа кә­дімгідей таңғалып қалған.Сауранбай Дөненбаевтың өзі де кезінде интернаттың на­нын жеп өскен қара домалақ ба­лалардың бірі болған екен. Өз үйі, өлең төсегіндей көрінген сол интернаттың арқасында білім алып, азамат дәрежесіне көте­рілген ол, бүгінде, міне, өңірі түгілі, ел таныған белгілі кәсіпкерге айналды. «Ауыл тұрғындарының ақ­ша­сы да, азығы да төрт түлік мал екені белгілі. Ал төрт тү­лік­ті шығынсыз өсіріп, табысқа жету үшін малшылар үнемі қыс­тау мен жайлауда жүруі  керек. Ал балаларының оқуын ой­лаған ата-аналар алысқа ұзап, мал баққылары келмейді. Тіпті, «айына 150 мың теңге айлық төлеймін» десең де көнбей­тін­дер бар. Ал олардың 4-5 баласы үшін қыстау мен жайлаудан мек­теп салып бере алмайсың ғой. Сондықтан осы Жарлысу аума­ғындағы малшылардың ба­ла­лары жататын интернат салу­ды көптен бері ойлап жүр едім, міне, бүгін сол ойым жүзеге асып, иығымнан бір ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалдым», - деп түсіндірген ол.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше бұл мәселе комитет төрайымы Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен өткен Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында кеңінен талқыға түсті. Депутаттар алдында Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Арман Қырықбаев баяндама жасады. Отырыста бес түйінді жайт қаралды. Мемлекеттік тілді дамытудың мәселелерін шешу Елбасының Жарлығымен бекітілген Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасында қарас­тырылған. Алайда кедергілер бар. Вице-министр оларды былайша тарқатып берді: қоғамдағы мемлекеттік тіл­­ді меңгеру деңгейінің әр­тек­ті­лігі, елдің қоғамдық-саяси өмі­ріне мемлекеттік тілдің әлі де болса баяу енгізілуі және тіл мә­дениетінің төмендігі. Жалпы, мемлекеттік тілді меңгеру үш мақсатқа бөліп қа­растырылған. «Мемлекеттік тіл - ұлт бірлігінің басты факторы» атты бірінші мақсатта ел азамат­та­рының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құру көзделеді. Мақала «Тілді дамытуда жүйелілік қажет» деген тақырыппен берілген.

***

Бүгінгі «Алаш айнасы» газетінің «ой көкпары» «Гендік модификацияланған өнімдерден мүлдем бас тарту керек пе?» деген сауалды ортаға салып отыр. Дәл қазіргі таңда әлем ғалымдарының гендік модификацияланған өнімдер туралы пікір екіге жарылғаны мамандар пайымдауымен ұсынылып, нақты мәселер талқыланған. Мысалы саясаткер, медицина ғылымының докторы,
профессор Ерасыл Әбілқасымов: «Біз тез арада гендік модификацияланған өнімдерден мүлдем бас тартуымыз керек. Өйткені аталмыш өнімдердің халық денсаулығына зияны өте үлкен. Негізі, бұл өнімдердің артында кейбір мемлекеттердің  стратегиясы тұр. Олар жер бетіндегі кейбір елдердің санын азайту үшін түрлі әрекеттер жасайды. Осы мақсатта наркотикалық заттар, аурулар таратып, адамдарды гомосексуализмге, араққа, темекіге тартып, халықтың тұқымын тұздай құрту үшін жаман әдеттерге үндейді» десе, Қазақ тағамтану академиясының зертхана меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор Мұса Айтжанов бұл пікірді жоққа шығарып: «Жоқ, менің ойымша, гендік модификацияланған өнімдерге шоши қараудың қажеті жоқ. Бұрын гендік мадификацияланған өнімдерді төрт пайызға шейін пайдалану қауіпсіз болса, қазір 0,9 пайыз мөлшер белгіленген. Яғни, жалпы, күнделікті ішіп-жейтін тамағымызды 100 пайыз деп алатын болсақ, соның ішінде гендік модификацияланған өнімдердің үлесі 0,9 пайыздан аспауын қадағаласақ, ондай өнімдер қауіпсіз деп есептелінеді. Шыны керек, бүгінгі күні аталмыш өнімдер елімізде көп тарала да қойған жоқ. Сондықтан оларға біржақты баға беріп, мүлдем бас тарту керек деу асығыстық болар еді» дейді. Автор материалдың түйінін «Қазақстан халал өндірісі» қауымдастығының президенті Марат Сәрсеновтың: «Рас, бүгінгі күні гендік модификацияланған өнім туралы таласты пікір көп. Әлем ғалымдарының жүргізіп жатқан тәжірибесіне сенсек, нәтиже жаға ұстатарлықтай. Бірақ біз өзіміз іргелі зерттеулер жасап, бір шешімге келе қойған жоқпыз. Сондықтан әлі де болса шешім қабылдамас бұрын өзіміз гендік модификацияланған өнімдерге ғылыми зерттеулер жасап, сынап көруіміз керек деп ойлаймын»,- деп түйіндейді.

 

Осы басылымның  Дат айдарында белгілі саясаткер, «Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президенті Айдос Сарыммен болған «Әкімдер мен министрлер біздің жалға алған менежерлеріміз» атты сұхбат беріліп отыр. Саясаткер «Интеллектуалды зерделік әлеуетімізді жүдетпеудің жолдарын тілге тиек етіп, ұлттық идеология жайлы «Қазір қоғам «қазақ қандай ұлт?», «ұлттың болашағы қандай болуы керек?» деген сынды сауалдарға жауап беруге тырысқан. "Үш қазақтың басы қосылған жерде түрлі клубтар құрылып жатқаны қазақ ұлтының оянғанының белгісі. Сонымен бірге, қазақ өзінің метафизикасын, рухани кеңістігін, экзистенциясын іздеуде. Әр қазақты «біз кімбіз?», «қайда бара жатырмыз?» деген сұрақтар мазалауы ұлт ретінде белгілі бір дәрежеге көтерілгенімізді айғақтайды. Мұндай әңгімелер түбі бір жерді жарып шығады», дейді ол. Сонымен бірге Тағдыр тауқыметін тартқан ел ешкімге әңгіртаяқ ойната алмайтынын сөз ете келе Алаш идеясына тоқталады. Ол өз сөзінде: Тарихи жолымызға көз салыңызшы... Қасым хандардың заманынан бері көшпелі халықтарды біріктіру идеясы - Алаш идеясы бой көтерді. Енді одан бас тартуға хақымыз жоқ. Алтын орданың мақсаты да, Шыңғысхан хандығының мүддесі де күллі көшпелі жұрттың басын бір жағадан шығартатын империялық идея еді.  Осы идеяның негізінде Алаш идеясы бой көтерді. Мұның астарында жаңарған түркішілдік идеясы жатыр. Кейбір алаштанушы ағаларымыз Алашордашылар осыдан бір ғасыр бұрын қабылдаған стратегиялық бағдарламаларды актуальді деп ойлайды. 1917 жылғы бағдарламаны осы күнмен сабақтастырғысы келеді. Меніңше, бұл да дұрыс емес. Идеялар әрқашан дамып отырады. Алаш идеясының басты мақсаты қазақ ұлтын азат ету. Осыны негізге алсақ, қателеспейміз. Ал қалған идеяның жерге, тілге, дінге қатысты құрамдас бөліктері заманға сай дамуы керек. 1917 жылғы Алаш зиялылары бекіткен бағдарлама сол кездегі білім деңгейі, түсінік, экономикалық, саяси, философиялық ойлаудың кемелденген үлгісі деп түсінген жөн. Арада бір ғасырға жуық уақыт өтті. Қаншама жаңалық, өзгеріс болды. Абай әрбір буын үшін өзінше Абай болады. Бүгінгінің оқырманы Абайды 40-70 жылдың түсінігімен қабылдай алмайды. Алаш идеясына да солай түйсіну керек», дейді. Осындай қызғылықты пікірлер арқылы берілген сұхбаттан әр оқырман өз керектісін таба жатар.

 ***

«Экспресс-К» газетінің жазуынша, полиция қызметкерлерінің  кінәсінен аяқсыз қалған Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Иван Рожнов оларды он жыл бас бостандығынан айыруды талап етуде. Басылымның мәліметінше, бұл оқиға биылғы ақпанда болған. И.Рожнов  лаборант болып жұмыс істеген мектепте ноутбук жоғалған көрінеді. Оның ұрлығы бойынша полиция аталған жігітті айыптайды. Бірнеше сағатқа созылған тергеуді тоқтату үшін жәбірленуші аталған іс  бойынша мойындауды жөн санайды. Кейін полиция оны Петропавлға алып кетеді. Сол жерде И. Рожнов қашып кету мүмкіндігін іске асырады. Қырық градусты аязда орман ішімен туыстарының үйіне бара жатқан ол адасып кетеді. Тек екі күннен кейін ғана жігіт разъезге шыққаннан соң, оған көмек көрсетіледі. Жеңіл аяқ киімнің салдарынан аязды күндері оның аяғы үсіп кетеді. Бірнеше күннен кейін жігіттің тізеден төмен екі аяғына да ампутацияға жасауға тура келеді.

Соңғы жаңалықтар