Генерал Жексенбаевты қалай ұлықтасақ та жарасады - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 23 сәуір, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінде «Төтенше жағдайдан зардап шеккендерге көмек көрсетіледі» деген тақырыппен жарық көрген мақалада депутаттардың су тасқынынан зардап шеккендерге бір күндік жалақысын көмек ретінде аударатыны жазылған. Нақтырақ, айтқанда, кеше палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Төлеген Ибраев күннің күрт жылынуынан су астында қалып, ауыр зардап шеккен азаматтар мен олардың отбасыларына көмек көрсету туралы әріптестеріне үндеу жолдады. - Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, зардап шеккен азаматтардың отбасына, ел-жұртқа кең көлемде, толықтай көмек көрсетілуде, Үкімет тарапынан әлі де қомақты қолдау болары сөзсіз. Әйтсе де, осындай жағдайда тұрмысына ауырлық түсіп, қиналған адамдарға дер кезінде қолұшын беру, ел болып, жұрт болып көмек беру ата сал¬тымыз, қанға сіңген әдетіміз. Қара жамылып, қайғы басқан, қазалы отбастарына шын жүректен көңіл айтамыз, - дей келіп, Т.Ибраев әріптестерінен бір күндік еңбекақы-ларын көмек ретінде бөлуді сұрады. Депутат ұсынысы бірауыздан қолдау тауып, Мәжіліс депутаттары мен аппарат қызметкерлерінің бір күндік табысы табиғи апаттан зардап шеккендердің есепшотына аударылатын болды, деп жазады «Егемен Қазақстан».
Аталған басылымның тағы бір мақаласында Қырғызстан Жеңіс күнінің ресми нышаны ретінде әдеттегі Георгий лентасын пайдаланудан бас тартуға шешім қабылдағаны туралы айтылады. Газеттің жазуынша, мұның орнына республикада мемлекеттік тудың түсіндей алқызыл және сары түсті ленталар тағылады. Алдымен Бішкек қаласының мэрі осындай ұйғарым жасады. Соңынан оның үлгісін басқалар да алды. Сөйтіп, бүкіл республика осындай нышандармен шығатын болды. Алайда, бұған мемлекеттік деңгейде ешқандай баға да, түсіндірме де берілмеді. «Георгий лентасын тағуға ешқандай да тыйым салынған жоқ, олай болуы мүмкін де емес, - деп ақталуға асықты қала әкімдігіндегілер бірақ. - Георгий лентасын, бәлкім, жұрт қолданатын да шығар, өйткені, оған үйреніп те қалды ғой. Бірақ мерекенің ресми түсі бізде алқызыл және сары түсті болады. Біз бұдан ешқандай қарама-қайшылық көріп тұрған жоқпыз» - деп мәлімдеді Қырғызстан парламентінің спикері Асылбек Жеенбеков. Алайда, «түсті ауыстыру» мәселесін жұрт барлық жерде бірдей қабылдап жатқан жоқ. Ол қоғамда әртүрлі пікірталастар туғызды. Біріншіден, республика тұрғындарының біразы Георгий лентасын баяғыдан бері Ұлы Отан соғысыныңдағы Жеңістің символы ретінде санайды. Сондықтан, бұған енді келіп саясатты араластырудың қажеті жоқ дейді. Олар нышан түсін ауыстыруды тарихи жад пен әділдікке жасалған қиянат, сатқындық деп есептейді. Ондайлардың қатарында парламент депутаты Омурбек Текебаев та бар. Ол Бішкек билігінің нышан белгісін ауыстыруын «ақымақтық, сандырақ және арандату» деп бағалайды. «Біз Ұлы Отан соғысының қалай өткенін, ондағы ауыр жеңістің қалай және кімдердің, қандай ерліктің арқасында келгенін ұмытқан жоқпыз. Георгий лентасы сол соғыста бізді бір лагерьдің астына топтастырды. Соның негізінде ортақ жеңіске жеттік. Ол болмағанда, қазіргі күніміздің не боларын кім білсін. Мен мұның бәрін ақымақтық, өткен күнді, біздің өткен тарихымызды сызып тастауға деген жанталас деп қана білемін», - деді ол. Мақала «Қырғызстан Жеңіс мерекесіне өз нышанын белгілеп отыр» деген тақырыппен берілген.
*** Қазақтан екі бірдей генерал шықты, оның бірі - Сабыр Рахымов болса, екіншісі - Шәкір Жексенбаев, деп жазады «Айқын» газеті. Мақала «Генерал Жексенбаевты қалай ұлықтасақ та жарасады» деген тақырыппен жарыққа шыққан.
«Шәкір Жексенбаев генерал атағын Сабыр Рахымовтан жеті ай кейін алғанымен, екінің бірінің қолы жете бермейтін техникалық әскердің ішіндегі химиялық қызметті атқарған. Әрі Жексенбаевтың мықтылығы, майдан штабының құрамына енген бас қолбасшылармен болған армия генералдарымен, маршал сияқты ірі әскери шенді адамдармен қатар қызмет атқарды. Генералдың ерлігі туралы баспасөз беттерінде талай жазылды да. Тіпті Жексенбаевтың өзінің «И горек дым войны» деген орыс тіліндегі кітабы да жарық көрген. Өкініштісі сол, ұлт батырының ерен ерлігін паш ететін дүниелер некен-саяқ. Батырдың есімі Батыс Қазақстан облысындағы кішігірім ауылдың көшелері мен мектепке берілгені болмаса, республикалық деңгейде ұлықтала қойған жоқ», делінген мақалада.
Сонымен қатар, «Айқынның» бүгінгі санында Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбында «Екінші майдан неге кеш ашылды?» деген мақала бар. Онда тілші: «Кеңестік тарихты жазғандардың барлығы «ұзаққа созылған соғыстан күйзелген КСРО ұлы держава мәртебесін жоғалтуы үшін ағылшын-америкалық коалиция Екінші майданды ашу мерзімін қасақана кешеуілдетті» деген пікірде болды. Бұл да қисы¬ны бар әңгіме. Соғыстағы шешуші кезең өтіп, майдандарда КСРО-ның «жеңімпаз» деген мәртебесі анықталғаннан кейін де одақ¬тастар Екінші майданды ашуға асықпады. Ұлыбритания мен АҚШ-тың әліптің артын бағып, сырт-тан бақылап отыруы бір ғана нәрсені аңғартады: одақтастар Германияның да, КСРО-ның да әлсіреп, титықтауына мүдделі болды», деп өз паймын ортаға салады.
*** «Экспресс-К» газетінің жазуынша, Қазақстан Гарвард бизнес мектебінің ғалымдары жасаған зерттеу нәтижесінде әлеуметтік прогресс индексі бойынша 83-орынға тұрақтаған. Мақала «Мистер и мисс Конгениальность» деген тақырыппен беріліп отыр. Басылымның атап өтуінше, рейтинг бойынша бірінші орында Норвегия, ал тізімнің ең соңында Орталық Африка республикасы орналасқан. Біздің еліміз тізімнің орта шенінде Гондурас пен Кубаның арасынан орын алған. ал жоғары білімге қолжетімділік рейтингісі бойынша Қазақстан үздік отыздыққа еніп отыр. Алайда, азамартардың денсаулығы бойынша 133 елдің ең соңына қалып қойыпты.