Геннадий Головкин Бангкокта Asian Boxing басшылығымен кездесті

АСТАНА. KAZINFORM – World Boxing президенттігіне үміткер Геннадий Головкин Asian Boxing уақытша президенті және Таиланд бокс қауымдастығының басшысы Пичай Чунхаваджирамен кездесті.

Геннадий Головкин Бангкокта Asian Boxing басшылығымен кездесті
Фото: ҰОК

Ұлттық олимпиадалық комитеттің хабарлауынша, кездесу барысында тараптар Азиядағы бокстың қазіргі жағдайын талқылап, аймақта әділдік, ашықтық пен сапалы басқаруды нығайтуға бағытталған ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қарастырды. 

Сонымен қатар халықаралық жүйені біркелкі ету, спортшылар мен федерациялар үшін тең мүмкіндіктер жасау мәселелеріне айрықша назар аударылды. Қатысушылар Азия өңірін олимпиадалық бокстың басты орталықтарының бірі деп бағалап, мұнда ұйымдастырушылық деңгейі мен спорттағы бәсекелестік жоғары екенін айтты.

Басқосу кезінде Геннадий Головкиннің бұл аймақпен байланысы ерекше атап өтілді. Дәл осы жерде оның бокстағы мансабы басталған. Тараптар Азияның бүгінде сенімді нығайтып, спорттың халықаралық беделін арттыруға зор үлес қосып отырғанын әрі ең қарқынды дамып келе жатқан құрлықтардың бірі екенін баса айтты. 

– Азия әлемдік бокстың дамуына дәстүрлі түрде маңызды үлес қосып келеді. Федерациялар, бапкерлер мен спортшылардың басын қоса отырып, біздің спортқа деген сенімді нығайтып, баршаға тең мүмкіндік жасай аламыз, - деді Геннадий Головкин. 

Кездесуде жарыс жүйесін жетілдіру, спортшылардың құқықтарын қорғау және жаттықтырушылар мен ресми тұлғаларға арналған білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелері де талқыланды.

Келіссөз барысында тараптар серіктестік байланыстарды нығайтуға және Азиядағы боксты әділдік, ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарына сүйене отырып дамытуға ниетті екенін растады.

Соңғы жаңалықтар