Геннадий Головкин World Boxing президенті лауазымына сайлауалды бағдарламасын таныстырды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті қызметіне кандидат ретінде өз бағдарламасын ұсынды, деп жазды Sports.kz сайты.
Головкиннің айтуынша, ол World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясының төрағасы ретінде әріптестерімен бірлесе отырып, ұйымға жаңа елдерді тарту бағытында жұмыс істеген. Соның нәтижесінде ұйым Халықаралық олимпиадалық комитеттен уақытша тану мәртебесін алып, бокстың 2028 жылғы Олимпиада бағдарламасында сақталуына қол жеткізген.
— Сіздердің сенімдеріңіздің арқасында мен бокстың олимпиададағы болашағын тек Лос-Анджелес–2028 ойындарында ғана емес, одан кейінгі олимпиадаларда да орнын бекіту үшін жұмысымды жалғастырамын. Сондай-ақ World Boxing ұйымының ХОК тарапынан толық мойындалуына қол жеткізуге тырысамын, — деп жазды ол.
Головкин өз көзқарасын былайша баяндады:
-
2026 жылдың басына дейін дауыс беру құқығы бар World Boxing спортшылар кеңесін құру;
-
Судьялық және бақылау жүйесін тәуелсіз әрі әділ ету арқылы спортшылардың құқықтарын қорғау;
-
Спортшылар мен бапкерлерге арналған World Boxing білім академиясын іске қосу;
-
Оқу бағдарламаларын сертификаттау және мақсатты гранттар бөлу.
World Boxing президентін сайлау 23 қарашада Рим қаласында өтетін ұйымның дүниежүзілік конгресі кезінде өтеді. Головкиннің басты қарсыласы — Грекия бокс федерациясының басшысы Мариолис Харилаос.
— Қадамым нық болуы үшін маған сенім артуларыңызды сұраймын. Біз бұрын болған келіспеушіліктерді өткеннің еншісіне қалдырып, спортшылар сенетін, жанкүйерлер мақтан тұтатын және Олимпиадалық отбасы сенім артатын ұйым болуымыз керек. Біз не жарияласақ, қаржыландыру мәселесін оңтайлы шешсек, шын мәнінде қандай жұмыс атқардық – соған қарап мені бағалаңыздар. Егер осы жауапкершілікті маған сеніп тапсырсаңыздар, мен өз қызметімді әділдікпен, сеніммен және өмір бойы спортта қалыптастырған тәртіппен атқарамын, — деді Головкин.
Сондай-ақ ол World Boxing ұйымын мықты, ашық, біртұтас және спортшыларға бағытталған ұйымға айналдыруға болатынын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Геннадий Головкин Лозаннада өткен Olympism 365 комиссиясының отырысына қатысқан болатын.