Географиялық атаулардың халықтың тұрмыстық және ұлттық ерекшеліктерін ашудағы мүмкіндігі өте зор - Гүлжан Айжолова
МАТЫ. 16 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Географиялық атауларды сақтаудың қажеттілігі БҰҰ-ның Географиялық атауларды стандарттау бойынша Берлин қаласында өткен конференциясында арнайы сөз болған еді. Сарапшылардың айтуынша, жергілікті халықтардың ұлттық және тұрмыс ерекшеліктерін ашуда географиялық атаулардың мүмкіндігі өте зор.
Біз осыған орай туризмнің дамуындағы топонимдердің рөлі туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Гүлжан Айжолованы әңгімеге тартқан едік.
- Гүлжан, географиялық атаулардың туризм саласын дамытудағы маңызы мен рөлін қалай бағалайсыз?
- Географиялық атауларды және олардың пайда болуы мен серпінінің ерекшеліктерін зерттейтін ғылымды топонимика деп атайды. Топонимдер бізге ежелгі халықтардың тұрмыс салты мен әдет-ғұрыптарын анықтап білуге мүмкіндік береді. Мәселен, менің зерттеу жұмысымның нысаны - Орталық Қазақстан. Онда сөз етіп отырған туризм саласын дамытуға ықпал ете алатын мыңға жуық археологиялық және этнографиялық нысандар орналасқан. Бүкіл Сарыарқаны алып жатқан бұл аймақта шамамен екі жүзге жуық ірі және шағын өзен орналасқан. Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы осы өңір арқылы өткені тарихтан азды-көпті хабары бар жалпы жұртқа мәлім жәйт. Ол кең байтақ қазақ даласындағы экономикалық және мәдени қарым-қатынастың дамуына зор ықпалын тигізді. Ірі индустриялы аймақ болып табылатын бұл өңірде бүгінгі таңда республика өндірісінің 13,5 пайызы шоғырланған. Онда мыс пен кокстың - 100 пайызы, ал кальций карбидінің - 99,4 және мыс рудасының 99,3 пайызы өндіріледі.
- Бұл аймақта географиялық атаулардың қайсы үлгілері жиі кездеседі. Оның пішіндеріне кеңірек тоқталып өтіңізші?
- Теңіз, өзен, көл, су қоймасы, канал, жылға, құдық сияқты гидрографиялық нысандардың атауын - гидроним зерттейді. Жерлеу орындарының атауын - некроним қарастырады. Ал қала, кент ауыл сияқты елді мекеннің атауын - ойконим; жота, тау, қырат, шатқал, асу тәрізді орографиялық нысанның атауын - ороним; ұлт, халық, тайпа сияқты этнос атаулары этнонимде қаралады. Жалпы Орталық Қазақстан топонимдерінің көбісі оронимдер болып табылады. Одан кейінгі орында гидронимдер тұр. Бұл географиялық атаулардың 28 пайызын құрайды. Олардың көбісі тарихи оқиғалармен және осы аумақты мекендеген тайпалармен байланысты.
- Туризм дамуына топонимдердің әсер ету дәрежесін анықтауға бола ма?
- Әрине, бұл мақсатта мен Қарқаралы, Ұлытау және оларға шекаралас орналасқан Нұра және Жаңаарқа аудандарын зерттедім. Онда туристердің қызығушылығын тудыратын шамамен 17 000 топоним қарастырылды. Мәселен, Нұра ауданы топонимдерінің көпшілігі Қазақстанның Ресей империясына қосылуы барысында пайда болса, Ұлытау аудандарының топонимдері моңғол дәуіріне байланысты. Атап айтқанда, Ұлытау ауданы топонимдерінің құрылымы мынандай: ойконимдер - 3 пайыз, гидронимдер - 24 пайыз, оронимдар - 32 пайыз, некронимдер - 41 пайыз. Ондағы гидрографиялық нысандардың көбісі құрғап қалатын өзендер болып табылады. Аудан аумағында тарихи ескерткіштер көп орналасқан. Ал Ұлытау ауданының солтүстік батысында орналасқан Нұра ауданындағы топонимдерінің негізін оронимдер құрайды. Атап айтқанда, атаулардың 51 пайызы - оронимдер, 36 пайызы - гидронимдер, 11 пайызы - некронимдер, 2 пайызы - ойконимдер. Қарқаралы және Нұра аудандарындағы атаулардың да негізін оронимдер құрап отыр.
- Орталық Қазақстан топонимдерінің негізгі ерекшеліктері қандай?
- Жоғарыда айтып өткендей,оларонша көп емес. Біріншісі, түркі және моңғол кезеңдерінде пайда болған географиялық атаулар. Екіншісі, Қазақстанның Ресей империясына қосылуымен байланысты орыс және украин шаруаларының қазақ жерлеріне қоныс аударғаннан кейін орыс тілінен енген топонимдер. Үшіншісі, Қазақстанның индустрияландырылуымен байланысты пайда болған географиялық атаулар.
Жалпы аймақтағы топонимдерінің көбісі түркі және моңғол дәуірлерінде пайда болды. Қазақстанның Орталық және Шығыс аймақтарын біршама уақыт ойраттар мекен еткен. Монғол тектес бұл тайпалар бірлестігіне байланысты бұл территорияда жүздеген географиялық атаулар бар. Олар көбінесе тау, өзен, көл атауларында сақталған. Оған Орыс география қоғамының этнография бөлімшесінің 1880 жылғы Үлкен сызбасындағы жазба деректерге қарағанда Орталық Қазақстанда 16 ғасырда ойраттар мен қалмақтар бірлестігінің мекен еткен. Онда - «Ұлытау тауларынан 40 шақырым жерде Сурсу өзені ағып өтеді (Сарысу), өзенге Кендерлик өзені (Кеңгір) құяды. Кендирлик және Сурсу өзендерінің арасында Ойраттар ордасы орналасқан», деген мәлімет сақталған.
Орталық Қазақстанның топонимдерін зерттеу барысында сондай-ақ бірқатар керей және қыпшақ тайпаларының мекен еткен орындары анықталды. Оған оларға қатысты өзен, көл, қорғандар дәлел бола алады.
- Қазақстанның Ресей империясына қосылуына байланысты пайда болған топонимдер жөнінде не айта аласыз?
Орталық Қазақстандағы орыс топонимикалық қабаты Қазақстанның Ресей империясының құрамына енуімен байланысты қалыптасты. ХІХ ғасырда бұл өңірге Ресей және Украинадан шаруалардың қоныс аударумен жергілікті тіл заңдарына бағынған бірқатар географиялық атаулар пайда болған. Мысалы Гришкино озеро - Гришкекөл деп аталса, Әулиетау атауынан - Сятогоровка пайда болды. Оған сондай-ақ, тау-кен өндірісімен байланысты қалыптасқан Теміртау, Жезқазған сияқты атауларды да мысалға келтіруге болады.
- Қазір елімізде кейбір географиялық атауларды бұрынғы қалпына келтіру үрдісі жүріп жатыр. Сіздің ойыңызша топонимдерді зерттеу жұмысы кешенді бір жүйеге түсті деп айтуға бола ма?
Бұл үрдіс біздің елімізде егемендік алғаннан кейін ғана қарқынды түрде жүргізіле бастады. Тәуелсіздік жылдары Целиноградтың - Ақмола, Гурьевтің - Атырау деген өз атауын байырғы атауын қайтаруына География институтының ғалымдарының да қосқан үлесі аз емес. Кейде бұл үрдіс сырт көзге өте баяу жүріп жатқандай көрінеді. Шын мәнінде ол бұлай емес. Топонимді зерттеу тобы өз жұмысының қорытындысын құзырлы органдарға тұрақты түрде өткізіп отырады, алайда олардың ұсыныс-тілектері барлық уақытта бірдей қолдау тауып жатқан жоқ. Егер ол жұртшылық тарапынан да лайықты қолдау табатын болса тарихи маңызы бар ескі атауларды қалпына келтіру арқылы, аймақтағы туризмді жандандыруға қолайлы жағдай жасауға қолайлы мүмкіндіктер бар. Қазір бізде әртүрлі саланың өкілдері қатысатын салааралық жобалар әлі аз. Егер тарихшылар, геогрофтар, биологтар, экологтар белгілі бір тақырып бойынша бірігіп зерттеу жүргізетін болса баршаның қызығушылығын оятар зерттеу нысандары өте көп. Тек бұл іс жүйелі түрде, кешенді бағдарлама бойынша жүргізілуі керек. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.
- Әңгімеңізге рахмет