Геология саласын дамытуға жеке капитал тарту Үкіметтің аса маңызды міндеті - Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Геология саласын дамытуға жеке капитал тарту Үкіметтің аса маңызды міндеті. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
- Мұнай-газ химиясы және басқа да негізгі салалардағы өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін ресурстар қорын толықтыру өте маңызды. Қазір Үкімет тікелей мемлекеттік инвестицияға үміт артып отыр. Алдағы үш жылда бюджеттен геологиялық барлау жұмыстарына 500 миллион долларға жуық қаржы бөлу жоспарланған. Бұл өткен отыз жылда жұмсалған қаражатпен тең. Бұл, әрине, дұрыс, бірақ бәрібір жеткіліксіз, - деді Мемлекет басшысы.
Президент геология саласын дамытуға жеке капитал тарту Үкіметтің аса маңызды міндеті болып қала беретінін баса айтты.
- Онсыз геологиялық барлау жұмыстары әрдайым қазынадан бөлінетін қаржыға тәуелді бюджеттік жоба болып қалуы мүмкін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Президент мемлекет жеке капитал рөлін өзіне алудан бас тартуы қажеттігін айтқан еді.