Геологиялық барлауға тартылатын инвестиция көлемі жеткіліксіз – депутат Еділ Жаңбыршин
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде геологиялық барлауға тартылатын инвестиция көлемі жеткіліксіз. Мұндай пікірді Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин білдірді.
- Бүгінде геологиялық барлау саласы ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігінің өзегіне айналып отыр. Қазақстанның қазіргі мұнай-газ өндіру көлемі негізінен үш ірі кен орнына – Теңіз, Қашаған және Қарашығанаққа тәуелді. Ал өзге кен орындарының қоры сарқылу кезеңіне жақындап қалды. Сондықтан жаңа мұнай мен газ қорларын анықтау – бұл тек энергетикалық емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық егемендік мәселесі, - деді ол «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын таныстыра келе.
Оның дерегінше, 2012 жылға дейін еліміздің жер қойнауындағы болжамды алынатын шартты отын ресурстары 22,7 млрд тонна деп бағаланған. Ал 2010–2012 жылдары жүргізілген зерттеулер нәтижесінде бұл көрсеткіш 76 млрд тоннаға дейін қайта есептелді. Оның 70 млрд тоннадан астамы Каспий маңы, Үстірт-Бозашы, Маңғыстау және Оңтүстік Торғай бассейндерінде шоғырланған. Ал қалған бөлігі аз зерттелген, бірақ әлеуеті жоғары провинцияларда орналасқан.
- Оларды жүйелі барлау және игеру арқылы біз жаңа өндірістік орталықтардың қалыптасуына жол ашамыз. Бүгінде геологиялық барлауға тартылатын инвестиция көлемі жеткіліксіз. Салыстырмалы мысал келтірейін. Қазақстанда 1 шаршы шақырым аумаққа барлау жұмыстарына 8 доллар жұмсалса, АҚШ-та – 87 доллар, Австралияда – 167 доллар, Канадада 203 доллар бөлінеді.
Бұл айырмашылық – біздің инвестициялық климаттағы ең әлсіз буынның бірі екенін көрсетеді. Өйткені геологиялық барлау – жоғары тәуекел мен ұзақмерзімді капитал салымын қажет ететін сала. Егер мемлекет пен заңнамалық жүйе инвестордың құқығын кепілдендірмесе, ол жаңа аймаққа қаржы салмайды. Сондықтан Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленген бұл заң жобасы осы жүйені түбегейлі өзгертеді, - деді Еділ Жаңбыршин.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Мәжіліс көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері көзделген заң жобасын қарап жатыр.