Германия Әскери-теңіз күштерінің әскери кемесін алғаш рет әйел басқарды
АСТАНА. KAZINFORM – Уте Никлас Германия флоты тарихында алғаш рет фрегатты басқарған әйел атанды, деп хабарлайды BILD.
Ол «Райнланд-Пфальц» кемесін капитан Бенедикт Айххорннан қабылдап алды. Енді Никласқа фрегат пен оның 126 әскери қызметшіден тұратын экипажын кеме жөндеу зауытындағы жөндеу жұмыстарынан кейін толық жауынгерлік әзірлікке келтіру міндеті тұр.
Басылымның жазуынша, Никлас үшін «Райнланд-Пфальц» кемесінде қызмет ету алғаш рет емес. Бұған дейін ол осы кемеде бірінші офицер болған. Соңғы уақытта Берлин маңындағы Швиловзее қаласында Бундесвердің шетелдегі операциялар қолбасшылығында жедел штаб офицері болып жұмыс істеген.
— Германияда әйелдерге барлық әскери мамандыққа 2001 жылы ғана қолжетімділік берілді. Қазір Бундесверде 25 мыңнан астам әйел әскери қызметші бар. Бұл әскери қызметшілердің 13 пайызынан сәл асады, — деп жазылған басылымда.
Бұған дейін Ұлыбританияда әйел адамның мемлекеттік қызмет басшысы болғаны алғаш рет хабарланған еді.