Германия электросамокат жүргізушілеріне қойылатын талаптарды күшейтпек
АСТАНА. KAZINFORM — Германияда 2025 жылы электросамокаттардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары күрт көбейді, деп хабарлайды DW.
Der Spiegel басылымының Федералдық статистика басқармасының деректеріне сілтеме жасап хабарлауынша, полиция зардап шеккендер тіркелген 16,5 мыңға жуық жол апатын есепке алған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 38%-ға көп.
Қайтыс болғандар саны да айтарлықтай өскен. 2025 жылы электросамокатпен байланысты жол апаттарынан 38 адам қаза тапқан, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 27 адам болған. Осылайша, өлім-жітім 40%-дан астамға артқан.
Бұдан бөлек, 1,9 мыңға жуық адам ауыр жарақат алып, шамамен 16,2 мың адам жеңіл жарақаттанған.
Мұндай жол апаттарының басым бөлігі ірі қалаларда тіркелген. Зардап шеккендер болған оқиғалардың жартысына жуығы халқы 100 мыңнан асатын елді мекендерде, ал төрттен бірінен астамы 500 мыңнан көп тұрғыны бар қалаларда болған.
Жаңа статистика жарияланғаннан кейін Германияның TÜV-Verband техникалық қадағалау қауымдастығы электросамокаттарды пайдалану ережелерінің сақталуын қатаң бақылауға шақырды. Сарапшылар ереже бұзғандарға салынатын айыппұлдарды күшейтіп, жауапкершілікті арттыру қажет деп санайды.
Сондай-ақ мамандар электросамокатты қауіпсіз басқару дағдыларын жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша білім беру бағдарламаларына енгізуді ұсынды. Олардың пікірінше, әсіресе жастарға арналған мұндай сабақтар қауіп-қатерді дұрыс бағалауға және ауыр жол апаттарының санын азайтуға ықпал етеді.
Айта кетелік Брюссель жалға берілетін электросамокаттарға толық тыйым салады.