Германия канцлері Фридрих Мерц интернеттегі құпиялылыққа қарсы нақты талап қойды

АСТАНА. KAZINFORM — Германияның федералдық канцлері Фридрих Мерц (Христиан-демократиялық одақ партиясы) интернет пен әлеуметтік желілерде нақты атын көрсету (Klarnamenpflicht) міндетті ету туралы қатаң талап қойды. 

Германия канцлері Фридрих Мерц интернеттегі құпиялылыққа қарсы нақты талап қойды
Фото: Pexels

Германиялық БАҚ деректеріне сүйенсек, бұл мәлімдеме 18 ақпанда Рейнланд-Пфальц федеральдық жеріндегі Трир қаласында өткен ХДС шарасында айтылған.

— Мен интернетте нақты аттарды көргім келеді. Мен кім пікір білдіріп отырғанын білгім келеді, — деді Мерц, саясаткерлердің өз аттарымен сөйлейтінін атап өтіп, барлық азаматтардан да қоғамдық талқылауда осындай жауапкершілік күтетінін жеткізді.

Канцлер құпиялылықты жеккөрушілік, дезинформация, манипуляциялар және еркін қоғамға қауіп төндірумен тікелей байланыстырады. Оның айтуынша, жасырын пайдаланушылар көбіне басқалардан максималды ашықтықты талап етеді, бірақ өздері «құпияның көлеңкесінде» жасырын қалады.

Ф.Мерц сондай-ақ жасанды интеллект пен алгоритмдердің қауіпіне назар аударды, олар «ішкі және сыртқы әсер арқылы демократияны бүлдіруі мүмкін» деп есептейді.

— Біздің қоғамымыз іштен іріп, ал жас ұрпақ пен балалар қауіпке ұшырамауы тиіс, — деп, 14 жастағы балалардың күніне 5 сағатқа дейін экран алдында отыруы, сонымен қатар олардың әлеуметтік дағдылары мен тұлға ретінде дамуының қиындықтарын мысал етті.

Мерцтің мәлімдемесі Германиядағы интернетті реттеу мәселесі жөніндегі кең ауқымды талқылауға сай келеді. Бұған дейін ол 16 жасқа дейінгі балалар үшін әлеуметтік желілерді шектеу және жасын міндетті түрде тексеру идеясын қолдаған.

Үкіметте ХДС/ХСС өкілдері мен Конституциялық соттың бұрынғы судьялары ұқсас ұсыныстар жасады. Дегенмен, әділет министрі Штефани Хубиг нақты деректерді міндетті түрде көрсетуге қарсы болып, анонимділіктің сөз бостандығы мен осал топтарды қорғаудағы маңыздылығын атап өткен.

Германия қоғамында реакция екіге бөлінді: қолдаушылар бастаманы жеккөрушілік пен жалған ақпаратқа қарсы күрес құралы деп санаса, сыншылар (құқық қорғаушылар, цифрлық сарапшылар) сөз бостандығының, аноним журналистік зерттеулердің және белсенділерді қорғаудың қауіп-қатері бар деп алаңдайды.

Еуропалық деңгейде Ф.Мерцтің позициясы Еуропалық комиссия тәсілдерімен үндеседі: Брюссель Digital Services Act пен AI Act аясында жасын тексеру мен жеке тұлғаны анықтау талаптарын күшейтуде, ал Германия бұл норманы ұлттық деңгейде енгізетін алғашқы елдердің бірі болуға мүмкіндігі бар.

Фридрих Мерц 2025 жылы канцлер қызметіне кіріскеннен бері «демократияны цифрлық қауіптерден қорғау» тақырыбын белсенді түрде ілгерілетпек. Трир қаласындағы мәлімдемесі әлеуметтік желілердегі анонимділік мәселесі бойынша соңғы жылдардағы ең қатал пікір болып саналады және Бундестаг пен Еуропалық комиссия деңгейінде қызу пікірталастар тудыруы мүмкін.

Айта кетейік, ақпанда Мюнхен қаласында өткен 62-ші қауіпсіздік конференциясы рекордтық қатысушылар санын жинаған.

Соңғы жаңалықтар
Референдум