Германия Ливандағы БҰҰ миссиясын Еуроодақ күштерімен алмастыруды ұсынды
АСТАНА.KAZINFORM — Германия Ливанның оңтүстігіндегі халықаралық миссияның жаңа форматын қарастыруды ұсынып, БҰҰ-ның Ливандағы Уақытша күштерін (UNIFIL) Еуропалық одақ мандатымен әрекет ететін күштермен алмастыру бастамасын көтерді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.
Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл ұсынысты Германияның Сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль RedaktionsNetzwerk Deutschland басылымына берген сұхбатында айтқан.
— Еуроодақ аясында UNIFIL миссиясы аяқталғаннан кейін қауіпсіздік саласында вакуум туындамауы үшін еуропалық мандат негізіндегі миссияны қамтамасыз ете аламыз ба деген мәселені қарастыруымыз керек, — деді Германия СІМ басшысы.
Оның айтуынша, мұндай миссия Израиль армиясының Ливаннан шығарылуына және «Хезболланың» қайта оралуына жол бермеуге ықпал етуі мүмкін.
Ливандағы БҰҰ-ның Уақытша күштерінің (UNIFIL) мандаты 2026 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады. Бірнеше апта бұрын Германия парламенті ел контингентінің осы операцияға қатысу мерзімін соңғы рет ұзартқан болатын.
Германияның бастамасы АҚШ-тың делдалдығымен Израиль мен Ливан арасында жалғасып жатқан келіссөздер аясында көтерілді.
Осы аптада Римде Израиль әскерін Ливанның оңтүстігінен шығару және «Хезболланы» қарусыздандыру мәселелеріне арналған елшілер деңгейіндегі тікелей келіссөздердің алтыншы кезеңі аяқталды.
Бұған қоса, шілде айының ортасында Ливанға Қазақстанның 11 әскери қызметшіден тұратын кезекті бітімгерлік контингенті барған болатын.