Германия мен АҚШ Астанаға турист жөнелтетін елдердің бестігіне кірді
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Әшімов өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған онлайн брифингіде туризмнің қала экономикасындағы рөлі туралы мәлімет берді.
 
                                              - 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында туризмнің қала экономикасындағы үлесі 6,4 пайыз болды. Былтыр қалаға 1,5 млн турист келген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 13 пайыз көп. Биыл ол көрсеткіш 17 пайыз өсіп, жыл аяғына дейін 1,7 млн турист келеді деген есеп бар. Елордаға ең көп турист келетін елдердің алғашқы бестігіне Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ кіреді. Сонымен қатар әуе тасымалы 13 пайыз өсіп, 9 айда 7,1 млн адам ұшақпен қатынаған. Ал теміржолмен 3,5 млн адам келген, - деді Нұржан Әшімов.
Оның айтуныша, туризмнің басым бағыттары ретінде оқиғалар туризмі, іскерлік және медициналық туризм айқындалған.
- Қазір ірі мәдени оқиғаларға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Соған мысал ретінде әрқайсынына 12 мың көрермен барған Дженифер Лопес пен Backstreet Boys тобының концертін айтуға болады, - деді басқарма басшысының орынбасары.
Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына сауал жолдап, ішкі туризмді дамытудың ұлттық бағдарламасын қабылдауды ұсынған еді.