Германия оқушылары әскери қызмет туралы заң жобасына қарсы шығып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Германияда студенттер мен оқушылар Бундестаг қабылдаған әскери қызметті реттейтін заң жобасына қарсы наразылыққа шықты, деп хабарлайды Анадолу
Мыңдаған оқушы «Міндетті әскери қызметке қарсы оқушылар ереуілі» бастамасының үндеуімен өткен акцияларға қатысты. Бұл бастама ел бойынша түрлі жастар және студенттік ұйымдарды біріктіреді.
Берлинде үш мыңнан астам оқушы Hallesches Tor метро станциясына жиналып, Ораниенплац алаңына дейін жүріп өтті. Акцияға көптеген ата-ана да қолдау көрсетті.
Наразылар «Соғыс емес — кәсіби білім», «Майданға өздеріңіз барыңыздар», «Соғысқа кім барғысы келеді?» және «Әскерге бару — менің жоспарымда жоқ» деген жазулары бар плакаттар ұстап жүрді.

Акциялар шамамен 90 қалада өтті: Потсдам, Котбус, Гамбург, Кёльн, Эссен, Дюссельдорф, Ганновер, Штутгарт, Ульм, Тюбинген, Гейдельберг және басқалар.
Бүгін таңертең Бундестаг Германия Қарулы күштерінің санын арттыруды мақсат ететін әскери қызметті реттеу туралы заң жобасын қабылдады.
Құжатқа сәйкес, 18 жасқа толған барлық азаматтарға Бундесверде қызмет етуге ынтасы мен жарамдылығын анықтайтын анкета жіберіледі. Ер адамдар үшін анкетаны толтыру міндетті. Сонымен қатар 2008 жылғы 1 қаңтардан кейін туған ер азаматтар үшін міндетті әскери-медициналық тексеріс енгізіледі.
Алғашқы кезеңде әскери қызметке шақыру ерікті түрде жүргізіледі. Бірақ қажеттә әскер саны толмаса, міндетті әскери қызмет енгізілуі мүмкін. Бұл жөнінде шешімді Бундестаг қабылдайды.
Германия Ресей тарапынан төнетін қауіп пен НАТО жоспарларындағы өзгерістер аясында 2035 жылға қарай қарулы күштер санын 460 мың адамға жеткізуді көздеп отыр.
Заң жобасын Бундесрат мақұлдап, оның 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі күтіліп отыр.
Еске сала кетсек, кеше Германия жаңа әскери қызмет туралы заңды мақұлдады.