Германия СІМ азаматтарын Ираннан шұғыл кетуге шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Германияның Сыртқы істер министрлігі әскери шиеленіс қаупінің күшеюіне байланысты өз азаматтарын Иран аумағынан дереу кетуге үндеді, деп хабарлайды BILD.

а
Фото: BILD

Ведомствоның мәлімдеуінше, ықтимал қақтығыс жағдайында консулдық көмек көрсету мүмкіндігі айтарлықтай шектелуі мүмкін.

Сондай-ақ Иран билігі қос азаматтығы бар тұлғаларға қолдау көрсетуге кедергі келтіруі ықтимал екені ескертілген.

Бұдан бөлек, тыңшылық айыптары тағылу қаупі және қамауда ұстау жағдайларының ауыр болуы мүмкін екені айтылған.

Министрлік дерегінше, көршілес елдерге бағытталған коммерциялық әуе рейстері әзірге сақталып отыр, сондай-ақ құрлық арқылы шығу мүмкіндігі бар. Арнайы дағдарыстық тізімде қазіргі уақытта Иран аумағында жүрген бірнеше жүз Германия азаматы тіркелген.

Германия СІМ жағдайды «өте тұрақсыз әрі шиеленісті» деп бағалап, әуе қатынасына кенеттен шектеу қойылуы немесе әуе кеңістігінің жабылуы мүмкін екенін ескертті.

Бұған дейін АҚШ бұқаралық ақпарат құралдары Президент Дональд Трамптың Иранға қатысты ықтимал әскери әрекеттер мәселесі бойынша ақпараттандырылғанын жазған еді. Алайда түпкілікті шешім әзірге жарияланған жоқ.

Айта кетейік, Пентагон ұсынған жобалардың бірі Иранның жоғарғы көшбасшысын жоюды көздейді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум