Германияда 2020 жылдан бері алыс бағыттағы пойыз рейстерінің тоқтатылуы екі есе артты

АСТАНА. KAZINFORM – Германияда алыс бағыттағы теміржол рейстерінің тоқтатылу көрсеткіші соңғы төрт жылда екі есеге жуық өсті. 2024 жылы елде алыс қашықтыққа қатынайтын пойыздардың шамамен әр жиырмасыншысы тоқтаған, деп хабарлайды DW.

Германияда 2020 жылдан бері алыс бағыттағы пойыз рейстерінің тоқтатылуы екі есе артты
Фото: railtech.com

Ал пойыздардың небәрі 59 пайызы ғана белгіленген уақытында межелі жерге жеткен.

Федералдық желілер агенттігінің 2024 жылғы теміржол тасымалы нарығына арналған талдауына сәйкес, алыс бағыттағы пойыздардың дәл уақытында келу көрсеткіші кемінде 21 жылдағы ең төмен деңгейге түскен. 

Еуроодақ нормаларына сәйкес, пойыздың 5 минуттан артық кешікпеуі уақытында келген деп есептеледі. Алайда 2024 жылы мұндай талапқа тек 59 пайыз рейс қана сай келген. Бұл – Deutsche Bahn компаниясының соңғы жылдардағы ең нашар нәтижесі.

Сараптамаға сәйкес, 2020 жылмен салыстырғанда алыс бағыттағы рейстердің тоқтатылу үлесі 2,5 пайыздан 4,8 пайызға дейін өскен. Статистикаға тек Deutsche Bahn ғана емес, өзге де теміржол тасымалдаушылары енгізілген. 2024 жылы алыс бағыттағы жолаушылар тасымалы нарығының 93 пайызы Deutsche Bahn-ға тиесілі болған.

Компанияның өз мәліметі бойынша, өткен жылы DB алыс бағыттағы рейстерінің 4 пайызы тоқтатылған. Оның жартысына жуығы теміржолшылардың ереуілдеріне байланысты болған.

Сонымен қатар жол үстінде жартылай тоқтатылған рейстер саны да артқан. 2024 жылы алыс бағыттағы тасымалдардың 7,3 пайызы межелі жерге жетпей тоқтаған. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 4,2 пайызды құраған.

Die Welt сарапшылары рейстердің жиі тоқтатылуына бірнеше негізгі фактор әсер етіп отырғанын атап өтеді. Олардың қатарында кадр тапшылығы, теміржол инфрақұрылымындағы құрылыс жұмыстары, ереуілдер және техникалық ақаулар бар.

Осы қиындықтар аясында Deutsche Bahn компаниясының басшысы Эвелин Палла 2025 жылғы 1 қазаннан бастап қызметке кірісе отырып, теміржол саласындағы «тарихтағы ең ауқымды трансформациялардың бірін» жүргізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, басқарма құрамын қысқарту және компанияны басқаруды орталықсыздандыру көзделіп отыр.

Алайда сарапшылардың пікірінше, жақын жылдары теміржол жұмысының айтарлықтай жақсаруы күтілмейді. Die Welt дерегінше, мамандар 2029 жылға дейін алыс бағыттағы пойыздардың уақытылы келу көрсеткіші 70 пайызға жетеді деп болжам жасап отыр.

Айта кетейік, Германияда біраз салада жұмыс орындары қысқарады.

Соңғы жаңалықтар