Германияда 6 мыңнан астам тарихи нысанға тегін кіруге болады

АСТАНА. KAZINFORM – Германияда 11–13 қыркүйек аралығында дәстүрлі Ашық ескерткіштер күні аясында 6 мыңнан астам тарихи нысанға тегін кіруге мүмкіндік беріледі. Жыл сайын бұл акцияға бірнеше миллион адам қатысады, деп хабарлайды DW.

Германияда 6 мыңнан астам тарихи нысанды тегін көруге болады
Фото: elxeneize/Shotshop/picture alliance

Келушілер үшін сарайлар мен қамалдар, шіркеулер мен монастырьлар, бұрынғы өнеркәсіп нысандары, бункерлер, маяктар, диірмендер, музей-кемелер, жеке виллалар, архивтер және тарихи ғимараттарда орналасқан оқу орындары ашылады. Сондай-ақ арнайы экскурсиялар, дәрістер мен баяндамалар ұйымдастырылады.

Қатысушылар бағдарламаны Tag des offenen Denkmals мобильді қосымшасынан немесе Германияның ескерткіштерді қорғау қорының сайтынан таңдай алады.

Акция кезінде әдетте кіруге шектеу қойылатын кейбір нысандар да жұртшылық үшін ашылады. Мәселен, Германия Қорғаныс министрлігіне қарасты Федералдық шет тілдері ведомствосының Наумбургтегі бөлімшесіне және Фленсбургтегі Мюрвик әскери-теңіз академиясына баруға болады.

Еске сала кетсек, тілшіміз еліміздегі музейлерге кіру құны қанша екенін анықтап көрген еді.

Ал Францияда Лувр музейіндегі ғасыр ұрлығы туралы көркем фильм түсірілетінін жаздық.