Германияда әлеуметтік жәрдемақыны заңсыз иеленетін «мафияға» қарсы күрес басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Германиядағы жұмыспен қамту орталықтары базалық әлеуметтік жәрдемақыны (Bürgergeld) заңсыз иеленумен айналысатын қылмыстық топтарға қарсы шараларды күшейтуде, деп хабарлайды DW.
Мәліметке сәйкес, алаяқтық сызбалар негізінен Шығыс Еуропадан – Болгария мен Румыниядан келген адамдарды тарту арқылы жүзеге асырылады. Олар үшін төмен жалақымен жалған еңбек шарттары рәсімделеді. Кейін бұл адамдар табысты толықтыру үшін жәрдемақы алуға өтініш береді, алайда алынған қаражаттың басым бөлігін қылмыскерлерге беруге мәжбүр болады.
Tagesschau атап өткендей, мұндай схемалар көбіне арзан әрі ескі тұрғын үйлері көп қалаларда өрістейді. Себебі жалға берушілер мен жұмыс берушілер кейде бір адамға тиесілі немесе тығыз байланыста болады.
Елдің Еңбек министрлігінің дерегінше, ең көп фактілер Рур аймағында – Дуйсбург пен Гельзенкирхен қалаларында тіркелген. Мәселен, Гельзенкирхен қаласы бюджетінің жартысынан астамы әлеуметтік төлемдерге жұмсалады.
Жұмыспен қамту орталықтарының деректеріне сүйенсек, алаяқтықтың түрлі нысандары бар. Бұған ЕО-ға мүше елдердің кез келген азаматы жұмыс істеп, сол елде тұрып жатса, әлеуметтік көмекке өтініш бере алады. 2024 жылы осындай 421 жағдай тіркелсе, биылғы мамыр айына дейін 225 оқиға анықталған.
Еңбек министрі Бербель Бас мұндай «мафиоздық құрылымдарды» жою қажеттігін мәлімдеді. Ведомство құжаттарды қайта тексеру және үшінші тараптан ақпарат алу сияқты шараларды қолдануда.
– Адал салық төлеушілердің мүддесі үшін бұл мәселе қарастырылып, нақты шаралар қабылдануы тиіс, – деді Дуйсбургтің обербургомистрі Сёрен Линк.
Оның айтуынша, мемлекет «азу тісін көрсетуі керек».
Еске салайық, бұған дейін Германия прокуратурасында миллиондаған қаралмаған істер жиналып қалғаны туралы жазылды.