Германияда әр екінші тұрғынның жеке баспанасы жоқ

АСТАНА. KAZINFORM — Германия Еуропалық Одақ елдері арасында жеке баспанасы бар тұрғындардың үлесі бойынша соңғы орында тұр. Үй шаруашылықтарының небәрі 43,5 пайызы өз үйінде немесе пәтерінде тұрады, деп хабарлайды BILD

Германияда әр екінші тұрғынның жеке баспанасы жоқ
Фото: BILD

Pestel-Institut зерттеуінің мәліметінше, бұл Германиядағы соңғы шамамен 20 жылдағы ең төмен көрсеткіш. Германия Еуропалық Одақтағы халықтың басым бөлігі баспана жалдайтын жалғыз ел болып отыр.

Салыстыру үшін, Румыния тұрғындарының шамамен 94 пайызының жеке баспанасы бар, Словакияда — 93 пайыз, Венгрияда — 92 пайыз. Бұл көрсеткіш бойынша соңғы орыннан екінші тұрған Аустрияда жеке баспанасы бар тұрғындардың үлесі шамамен 54 пайызды құрайды.

Бұл ретте Германия өңірлеріндегі жағдай айтарлықтай ерекшеленеді. Саар жерінде тұрғындардың 60 пайызға жуығының жеке баспанасы бар, Бранденбургте — 44 пайыздан астам. Берлинде бұл көрсеткіш шамамен 16 пайызды, ал Гамбургте 20 пайыздан сәл асады.

Елдің жас тұрғындары арасында жеке баспана иелерінің үлесі әсіресе төмен. 25 пен 45 жас аралығындағы немістердің төрттен үшіне жуығы баспана жалдайды, ал шамамен әр төртінші адамның жеке жылжымайтын мүлкі бар.

Сарапшылар негізгі себептердің қатарында құрылыс пен жер учаскелерінің қымбаттығын, несие мөлшерлемелерінің өсуін, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігін атайды. Соның салдарынан жеке жылжымайтын мүлік сатып алу тіпті екі табыс көзі бар көптеген отбасылар үшін де қолжетімсіз болып отыр.

Сарапшылар бұл жағдайдың ұзақ мерзімді әлеуметтік салдарына да назар аударады. Жеке жылжымайтын мүлік капитал жинақтаудың және зейнетке шыққаннан кейін қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етудің бір жолы ретінде қарастырылады. Қартайған шағында баспананы жалға алуды жалғастырған адамдар қосымша шығындарды көтеруге мәжбүр болады. Бұл зейнеткерлер арасында кедейлік қаупін арттыруы мүмкін.

Қазақстанда баспана ең қымбат және ең арзан орналасқан өңірлер туралы сілтеме арқылы оқи аласыз