Германияда әуе билеттерінің салығы төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM – Германия Бундестагы елден ұшатын рейстерге арналған әуе билеттеріне салынатын салықты төмендету туралы заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды DW.
Жаңа заң 2026 жылдың шілде айынан бастап күшіне енеді.
Құжатқа сәйкес, қысқа қашықтықтағы рейстер үшін салық 2,50 еуроға, орта қашықтықтағы бағыттар бойынша 6,33 еуроға, ал алыс магистральді рейстер үшін 11,40 еуроға азаяды.
Бұған дейін бұл бастаманы Германия үкіметі мақұлдаған болатын.
Аталған шара Германиядағы билеуші партиялардың коалициялық келісіміндегі тармақтардың бірі саналады. Алайда салықтың төмендеуі мемлекет бюджетіне жыл сайын бірнеше жүз миллион еуро шығын әкелуі мүмкін.
Заң жобасында 2026 жылы бюджет кірісінің тапшылығы 185 миллион еуро болады деп болжанған. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 355 миллион еуроға дейін өсуі ықтимал.
Сонымен қатар туристер үшін әуе билеттерінің нақты арзандайтыны әзірге белгісіз болып отыр.
Әуе компаниялары үнемделген қаражатты Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан қымбаттаған авиаотын шығындарын жабуға жұмсауы мүмкін.
Айта кетейік, Германияда жанармай бағасы бірнеше айдағы ең төмен деңгейге түсті.